Алматылықтар қала әкімінен Рысқұлов даңғылын ұзарту жобасын қайта қарауды сұрады

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алатау ауданының тұрғындары қала әкімімен кездесуде Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасын қайта қарауын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теректі ықшамауданының тұрғыны даңғылдың бойында 200-ден астам үйде 1,5 мың адам тұрып жатқанын айтты.

«Мен Теректі шағынауданында тұрамын. Рысқұлов даңғылы Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзартылады. Осыған байланысты баспанамызды бұзу мәселесі туындап отыр. Осы жобаны қайта қарауыңызды сұраймыз, өйткені бұл мемлекет үшін де, тұрғындар үшін де экономикалық жағынан тиімсіз. Бұл үйлерде көпбалалы отбасылар тұрады, мүгедек аналар бар. Кезінде бұл жер телімдерін сатып алғанбыз, мұның бәрі заңдастырылған. Енді мемлекет бізге нарықтық құны бойынша өтемақы төлейді, бірақ бұл ақшаның қашан болатыны да белгісіз. Осы жобаны қарап шығуыңызды сұраймыз, мемлекетке де, бізге де тиімді болатын нұсқалар көп. Онда 200-ден астам үй мен 1,5 мың адам бар. Үй тұрғызу үшін қыруар қаржы салдық, барлығында несие бар», - деді аудан тұрғыны.

Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындык Телібаев аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайын және мемлекеттік сараптамадан өткенін айтты.

«Даңғыл құрылысын бастауға жергілікті бюджеттен ақша бөлінді. Алты жолақты жол болады. Жерді сатып алмай, бұл жолды салмаймыз», – деді ол.

Алматы әкімі Ерболат Досаев қалаға Теректі шағынауданы қосылғанын атап өтті. Ол кезінде қала халқының саны 1,2 млн болса, қазір 2,2 млн жетті.

«Қала, өкінішке орай, өз заңдарымен өмір сүреді. Біз жобаны қайта қарап, үйлерді айналып өте алмаймыз. Бұл мүмкін емес. Біз бұған дейін ұзартылған көше бойындағы үйлердің тұрғындарына өтемақыны кешіктірмей өтедік. Оған уайымдаудың қажеті жоқ, біз сізге нарықтық құны бойынша өтемақы төлейміз. Бұл жобаны мүмкіндігінше тағы да қайта қараймыз, бірақ айта кетейін, жобалық-сметалық құжаттары бекітілген, бюджеттен ақша бөлінген, Рысқұлов даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзартамыз. Біз бұл жобаны баяғыда аяқтауымыз керек еді, бірақ пандемияға байланысты кешіктірілді. 2025 жылға дейін ұзарту жұмыстарын аяқтауымыз керек. Үлкен Алматы айналма жолы жазда ашылады», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар