Алматылықтар ең ұзын құрақ көрпе тігіп, тарихта қалмақ
2018 жылғы 13 наурыз 13:27

Алматылықтар ең ұзын құрақ көрпе тігіп, тарихта қалмақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ең ұзын құрақ көрпе тігіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, ең ұзын құрақ көрпе тігу жұмысы Алматыда «Наурыз-2018» мерекесі аясында қолға алынғалы отыр.

«Мегаполисте «Гинесстің рекордтар кітабының» жаңа рекорды жасалмақ. Құрақ көрпенің ұзындығы 25 500 шаршы метр болады. Рекорд жасалып, сертификат алынған соң көрпе құрақтары түрлі көрмелерге қойылады. Құрақ көрпе тігу жөніндегі шеберлік сыныбына қатысуға ниет білдірушілердің барлығы 10 наурыздан бастап www.nauryzfest2018.kz. сайтына тіркелулері тиіс. Атаулы шара «Наурыз-2018» атты наурыз мерекесіне орай 22 наурызда басталып, қыркүйекте өтетін Алматының «Қала күнінде» аяқталады. Жобаны жүзеге асыру үшін қаланың 25 кітапханасынан көрпе элементтері қабылданады», - дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетерлігі, бұған дейінгі ұзын көрпе рекорды 2000 жылы Португалияның Порто қаласында жасалған. Онда ұзындығы 25100 шаршы метр «Manta da Cultura» көрпесі тігілген.

«Құрақ көрпенің әр бөлшегі Отанымыздың сан алуандығын: оның даласын, тауы мен өзенін көрсетеді, ал басты символ - халықтың бірлігі. Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады. Көрпенің құрақтары тұтас жамылғыға айналып, еліміздің тұтастығын паш етеді», - деді жобаның басты ұйымдастырушысы Алматы қаласы Мәдениет және мұрағаттар басқармасы.

Еске сала кетейік, 21-25 наурыз аралығында сағат таңғы 10:00 мен кешкі 21:00-ге дейін мегаполистегі алаңдарында «Наурыз-2018» мерекесі тойланады. Ал 22 наурызда Астана алаңында үлкен концерт, ұлттық ас мәзірі бойынша фестиваль ұйымдастырылады.

old.prosveshenie.kz сайтынан алынған иллюстрациялық фото

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT