Алматылықтар Дінмұхамед Қонаевты еске алды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 111 жыл толуына орай салатанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салатанатты шараға Д.Қонаевтың қызметтес ізбасарлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, туған-туыстары, БАҚ өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылған соң зиялы қауым өкілдеріне сөз берілді.

2022 Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арналған жыл болды. Бұл туралы Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаев айтты.

«Өткен жылы халықтың ұсынысымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұрынғы Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаветың есімі берілді. Осы оқиғадан соң еліміздің көп өңірінде Қонаевқа құрмет көрсетіліп, ескерткіштер қойылып, ұлы тұлғаның есімі ұлықтала бастады. Осылайша тарихи әділдік орнады. Биылғы жылды да Д.Қонаевтың 111 жылдығымен бастап отырмыз. Бүгін тек Алматыда ғана емес, сонымен бірге еліміздің әр өңірінде айтулы шараға байланысты іс-шаралар өтіп жатыр. Басты мақсат – Дінмұхамед Қонаевтың есімін оны көрген, таныған, қазіргі уақытта азайып жатқан замандастарына ғана емес, кейінгі жастарға да үлгі ету, жадында жаңғырту. Себебі, бұл тұлғаның еліміздің дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Бүгінгі аязға қарамай ұлы тұлғаға құрмет көрсету үшін келгендеріңіз үшін сіздерге зор алғыс айтамын», - деді Эльдар Қонаев.

Қазақстан журналистика академиясының вице-президенті Валерий Жандәулетов алдағы уақытта Дінмұхамед Қонаевқа арналған 6 том кітап жарыққа шығатынын мәлімдеді.

«Қазірдің өзінде бірінші томы басылып шықты. Мұнда журналистердің еңбегі зор екенін айтуымыз керек. Алдағы уақытта тұлғаның өмірі мен қызметіне арналған 6 томдық кітап жарық көреді. Мен сіздерден бұл игі шараға белсене атсалысуды сұраймын», - деді Валерий Жандәулетов.

Осыдан соң Түркістан облысынан келген қадірлі ақсақал Алтынбек Айдарқұлов Д.Қонаевтың рухына құран бағыштады.

Салтанатты шарада бұдан бөлек ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясының курсанттары «Өткенге құрмет» акциясы аясында Д.Қонаевтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, ақ көгершіндерді ұшырды.

Кейін Қонаев музейіндегі экспозицияға және мемориалды пәтер-музейінде экскурсия ұйымдастырылды.

Еске салайық, 111 жыл бұрын (1912-1993) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дүниеге келді.

2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы Қонаев болып өзгерді.


Соңғы жаңалықтар