Алматылықтар Әз Наурыз мерекесін тойлауды бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар әз-Наурыз мерекесін тойлауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Алматыда Наурыз мерекесін тойлау 20 наурыздан басталды. Көктемнің шуақты күнінде алматылықтар киіз үй тігіп, ұлттық киіммен көшеге қыдыруға шыға бастады. Көшелерде құрылған сахналарда ән шырқалып, қонақтар ұлттық дастарханнан дәм тата бастады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы да мерекені бүгіннен бастады. Әйгілі «Достық үйі» ғимараты алдында ұлттық этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері жиналып, ортақ мейрам әз-Наурызға деген құрметтерін танытты. Атап айтқанда, Алматыдағы корейлердің ұлттық орталығы, Алматы немістерінің ұлттық орталығы, Дағыстан, ұйғыр, өзбек, әзербайжан орталықтарының өкілдері ән салып, би биледі.


Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі мен Алматы әкімінің концерт оркестрі қазақ музыкасының ең үздік саздарын орындаса, Интернет желісіне танылған Андрей Фендриков домбыраның қоңыр үнін күмбірлетті.

ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Алма Аманжолова ән шырқап, келушілердің көңілінен шықты.  

Сонымен қатар, Достық үйінде Наурыз тақырыбына арналған көрме-жәрмеңке ашылды.

Ал, Алматының кәсіпкерлер палатасы мекеме алдындағы алаңқайға алтыбақан орнатып, киіз үй тігіп, қыз-бозбаланың көңіл көтеруіне жағдай жасады. Сондай-ақ, наурыз көже мен тегін бауырсақ таратты.

Айта кетейік, мегаполисте негізгі мерекелік шаралар 21-23 наурыз күндері өтеді. Қазіргі уақытта Астана алаңын мерекеге әзірлеуге байланысты Төле би көшесінің Абылай хан даңғылынан бастап, Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігінде жол қозғалысы шектелді. «Алматы Арена» және «Халық Арена» спорт кешендерінде де наурыз мерекесіне арналған  кештер өтеді.


















Соңғы жаңалықтар