Алматылықтар Әлем чемпионы Назым Қызайбайды қарсы алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы тұрғындары Қазақстандағы әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған Назым Қызайбайды қарсы алды. Спортшының жетістігін өз аузынан естуге спорт мектебінің оқушылары, жақындары, бапкерлер, БАҚ өкілдері жиналды.

«Шойын жұдырықты» шынашақтай қыз Әлем чемпионатындағы кездескен қиындықтарымен бөлісті.

«Мен Үндістаннан келген қарсыласымды бұрыннан білетінмін. Онымен өткен чемпионатта жұдырықтасқам. Бұған тактикалық және техникалық тұрғыдан дайын болдық. Маған финалдағы жекпе-жек аса қиын болған жоқ. Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Барлығы біздің команданың, бапкеріміздің арқасы. Елімнің қолдауына көп рахмет», - деді чемпион.

Назым болашақта Олимпиада ойындарына қатысуға үміті барын айтты.

«Ақырындап салмақты олимпиадалық деңгейге көтере бастаймыз. Менің мақсатым - Олимпиадаға қатысу», - деді Назым. Спортшының бапкері Қалмырзақов Жұмабек өзінің шәкіртінің жұмысына толық риза екендігін жеткізді.

«Бізге ең қиын соққаны - румын спортшысымен болған жекпе-жек. Ол - өте тәжірибелі күшпен ұратын спортшы. Оны жеңген соң, әрі қарай мүлде уайымдамадық. Менің шәкіртім - екі қолымен де жұдырықтаса білетін әйелдер арасындағы жалғыз боксшы. Оның бұл қабілеті біраз қарсыласты састырғаны рас. Әсіресе, кореялық спортшы мүлде не болғанын түсінбей қалды. Сосын, оның қорғанысы мықты. Мен оған үнемі айтамын, өзің таяқ жемесең үнемі тың боласың деп. Қызымыз бір жекпе-жекте 3-4 жұдырықты ғана жіберіп отырды», - деді ол. Чемпионның отбасы осыдан бірнеше жыл бұрын Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылынан көшіп келген. Назым - отбасындағы 6 баланың үшіншісі. Анасы қызының бала кезінен жұдырықтасуға құмар боп өскенін айтып өтті. «Жасыратыны не керек, қызым тентек болып өсті. Көшедегі балаларды ұрып қойып, мен үнемі араға түсіп жүретінмін. Бірде 4 сыныпта оқып жүрген кезінде үйге жылап келді. Сөйтсем, ұлты түрік баланы ұрып қойып, аузын қанатқан екен. Әлгінің әкесі доқ көрсеткен ғой қызыма. 5 сыныптан боксқа барды. Ауылда Болат есімді бапкері болды. Міне, Қазақстанның жалауын жерге түсірмей, желбіретіп келе жатыр», - деді спортшының анасы Кәмшат Өмірбекова.

Естеріңізге сала кетейік, Назым Қызайбай Кореяның Чеджу қаласында өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында 48 келі салмақ санатында үш қарсыласын да тізе бүктіріп, алтын медальды иеленген болатын.

Әзірге Назым - Қазақстан бойынша әйелдерден шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Қазір ол Алматыдағы Спорт және туризм академиясында білім алып жатыр. Спортшы бұған дейін Шаңырақ шағын ауданындағы олимпиадалық резервтегі дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында тәлім алып келген. Спорт мектебінде оқығалы бері 6 жылда 6 рет Қазақстан чемпионы, 2 рет әлем чемпионатының жүлдегері болып үлгерген.

Соңғы жаңалықтар