Алматылықтар 7,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілді
2022 жылғы 29 маусым 13:15

Алматылықтар 7,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылықтар амбулатория деңгейінде 7,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, бүгінде тұрғындар белгіленген сырқаттар бойынша қос пакет шеңберінде тегін дәрі-дәрмек ала алады.

«Жалпы, медициналық қызмет көлемі ғана емес, сырқат түріне қарай берілетін дәрі-дәрмек саны да бірнеше есе артты. Мысалы, тегін медициналық көмек пакетінде 50 нозология бойынша дәрі беріледі. Ал, сақтандыру пакетінде ересектер 50 түрлі, балалар 73 түрлі дерт бойынша тегін дәрі ала алады», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Оның мәліметінше, осы жылдың бес айында Алматыда тегін медициналық көмек пакеті бойынша 131 мыңнан астам адам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. МӘМС пакеті бойынша 30 мыңнан астам ересек, 11 мыңға жуық бала тегін дәрі-дәрмек алды.

Сондай-ақ, Тілеухан Әбілдаев тегін дәрі-дәрмек мәселесі бойынша «СК-Фармацияның» 1439 байланыс орталығына хабарласуға болатынын айтты.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT