Алматылықтар 280 тонна экологияық таза азық-түлікті арзан бағада сатып алды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Астана алаңында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Азық-түліктің бағасын қала әкімі Бауыржан Байбек пен облыс әкімі Амандық Баталов тексерді.

Қала басшысы облыстық ауылшаруашылық өндірушілерінің өнімі алматылықтар арасында жоғары сұранысқа ие екендігін жеткізді.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызды 33 түрлі азық-түліктің бағасын аса қадағалауымызды тапсырған болатын. Мұндай қадам бағаны тұрақтандыруға септігін тигізеді. Сатып алушылармен сөйлестік. Көп тауарлардың бағасы базардағымен салыстырғанда 15-30 пайызға төмен. Әкелінген тауардың экологиялық тұрғыдан таза өнім екендігін де айтып өту керек», - деді қала әкімі.

Мегаполис тұрғындары мен қонақтары 105 тонна жеміс, көкөніс, 93 тонна ет, 22 тонна сүт өнімдері, жалпы құны 115 млн. теңгенің өнімін базар бағасынан 15-30 пайызға арзан бағада сатып алды.

Жәрмеңкеге Алматы облысының 16 ауданы мен Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларынан 280 тонна экологиялық таза және сапалы өнім әкелінді.

Айта кету керек, мұндай шаралар қаладағы әлеуметтік тұрғыдан маңызы жоғары азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Сондай-ақ, Құрбан айт қарсаңында алматылықтарға Жамбыл облысының өндірушілері жәрмеңке өткізетіні белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар