Алматылықтар 13,3 млрд теңгенің дәрісін тегін алды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биылғы 7 айда Алматы тұрғындарына 13,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, сақтандыру енгізілгелі бері Алматы тұрғындары медициналық қызметтерді белсенді пайдаланып келеді. Соның ішінде медициналық қызмет көлемі ғана емес, сырқат түрлеріне қарай берілетін дәрі-дәрмек саны да бірнеше есе артқан.

Бүгінде тұрғындар белгілі бір сырқаттар бойынша тегін медициналық көмек және сақтандыру пакеттері шеңберінде тегін дәрі-дәрмек ала алады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар, созылмалы және жедел аурулар, коронавирус инфекциясына шалдыққандарға берілетін дәрілер де бар.

«Өткен 7 айда Алматы қаласы бойынша тегін медициналық көмек пакеті бойынша 149 мыңнан астам пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. МӘМС пакеті бойынша 195 мыңнан астам ересек, 19 мыңға жуық бала тегін дәрі-дәрмек алды», - деді филиал басшысы.

Сонымен қатар, ол тегін дәрі-дәрмек кімдерге берілетінін айтты.

«Диспансерлік есепте тұрған Қазақстан азаматтары, ықтиярхаты бар шетел азаматтары 50 түрлі дерт бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. МӘМС пакетінде белгілі бір сырқатына байланысты диспансерлік есепте тұрған, сақтандырылған азаматтар қамтамасыз етіледі. Сақтандыру пакеті арқылы ересектерге 50 нозология, балаларға 73 нозология бойынша дәрі тегін беріледі», - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Ал, 18 жасқа толмаған балаларға дәрі-дәрмек дәрігер тарапынан диагнозы нақтыланғаннан кейін ғана беріледі.

Тегін медициналық көмек және МӘМС пакеті арқылы берілетін дәрілік заттардың нақты тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда биылғы 7 айда МӘМС аясында көрсетілген қызметтер үшін 78 млрд теңгеге жуық қаржы төленді.

Сондай-ақ, МӘМС жүйесі бойынша бір жылға алдын ала төлем жасау қалай жүзеге асады және ол кімдерге арналғанын оқи отырыңыз.


Соңғы жаңалықтар