Алматылықтар 1 мамыр - бірлік күнін тойлауды бастап кетті

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталды. Реформалар жүзеге асады. Мұның бәрі эволюциялық жолмен жүріп жатыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев «Достық үйінде» өткен «Алматы көктемі» шарасында осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараның мақсаты – ортақ құндылықтардың негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясын ілгерілету.

«Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталды. Реформалар жүзеге асады. Мұның бәрі эволюциялық жолмен жүріп жатыр. Бұл - үлкен өзгеріс. Қазақстан халқы жақсы және бейбіт заманда өмір сүруі үшін бәріміз еңбек етуіміз керек. Алға қойған мақсатымызды жүзеге асыру үшін бірлікте болуымыз қажет. Мереке құтты болсын!» - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев.

Меркелік шараға БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл, Қазақстан халқы Ассамблеясының, зиялы қауым және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.


«Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытуға мүмкіндігі мол. Бұл ретте Ассамблея өзге елдерге, мемлекеттерге үлгі көрсетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстанның алға басуының негізгі күші - жастар. Бүгінгі шараға да жастар көп жиналыпты. Мемлекет басшысы сіздерге сенеді. Алға, Қазақстан!» - деді БҰҰ өкілі Властимил Самек.

Жиналғандар елдегі әрбір этносқа салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Осының бәрі этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуының арқасы екенін айтты.

Сонымен қатар, іс-шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. «Яблоневая Палитра» суретшілер қауымдастығы отандық қылқалам шеберлерінің таңдаулы еңбектерінен «Алматы көктемі» көрмесін ұсынды.

Айта кетейік, бүгінгі күні Алматыда 37 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.



Соңғы жаңалықтар