Алматылық жастарға діни жат ағымның қауіп-қатері түсіндірілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледж студенттері діни экстремизм және терроризмнің алдын алуға арналған дәріс тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қазақ-түрік гуманитарлық технологиялық колледж студенттеріне, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы Қалимаш Бегалина дәріс оқыды. Дәріске 300-ден астам жас қатысты.

Лектордың айтуынша, деструктивті діни ағымдар дәстүрлі ислам дінінің атын жамылып халықты алдайды. Олар үн парақтар тарату арқылы өздерінің үгіт-насихаттарын жүргізеді.

«Бүгінгі таңда болып жатқан экономикалық, саяси, ақпараттық, мәдени және діни кеңістіктің жаһандануы әлемдік үрдістердің маңызды факторы болып табылады. Бұл құбылыс жағымды аспектілермен қатар белгілі бір негативті жағдайларға да әкеледі. Адамзат өткен ғасырдағы қырғи-қабақ соғыс кезеңінің қорқыныштарын басынан кешіріп, енді тыныштық заманға қол созып отырғанда, тағы да жаңа бүкіләлемдік мәселемен текетіресті. Енді қазіргі әлемнің алдындағы өзекті мәселелер халықаралық экстремизм мен лаңкестіктің агрессивті көріністері»,- деді Қалимаш Бегалина.

Студенттермен кездесу барысында ол, Қазақстан – азаматтардың өз дүниетанымын таңдауда тек заңнама ретінде емес, іс жүзінде тең құқылы мүмкіншілікті кеңінен берген зайырлы мемлекет. Қоғамда ешқандай құндылықтарда монопольдік (біртұтастық) құқық жоқ, барлық азаматтарға рухани ізденісте өз ойларын жүзеге асыруға түгел жағдай жасалғанын атап өтті.

«Қазақстанда білім беру зайырлы сипатта болғанымен, қазіргі әлеуметтік жағдайда ғылымның да, діннің де гуманитарлық қызметінің жалпы міндеті ағарту қызметі екенін барлығымыз білеміз. Біздің елдің тұрғындары тең құқылы. 130 ұлт өкілі бір шаңырақ астында тату тәтті өмір сүріп жатыр. Алайда, осы тыныштықты бұзғысы келетін жат ағымдар бар. Олардың мақсаты өздерінің қатарын көбейту. Адамдарды алдап, тура жолдан тайдыру болып отыр. Сондықтан ондай деструктивті діни ағымдардан аулақ болған жөн. Әсіресе жастар сіздер әр қадамдарыңызды аңдап басуларыңыз керек. Егер дінге қатысты сұрақтарыңыз болса, әлеуметтік желіден емес нағыз мамандардан сұраған абзал»,- дейді дінтанушы.

Дәріске қатысқан жастарды жат ағымдардың көздегені мен хиджаб мәселесі толғандырды. Осы тақырыпта сауалдар көптеп қойылды. Оларға лектор тұшымды жауап берді.

Айта кету керек, бұл дәрістер Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар