Алматылық жастардың 84 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы аясында 84 әлеуметтік жоба іске асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың ережелеріне сәйкес жұмыс істемейтін, оқымайтын немесе жұмыс істейтін, бірақ жалақылары төмен 14-29 жас аралығындағы қатысушыларға басымдық берілді. Іріктеуден кейін олар үш сатылы оқу бағдарламасынан өтті және 60 мың (ЖОО түлектері), 40 мың теңге көлемінде (қалғандары) ай сайынғы шәкіртақыларын алды. Одан басқа, олардың әрқайсысына өз жобаларын іске асыруға 1 млн теңгеге дейін грант берілді.

«Әрбір қатысушы өмірлік маңызды дағдылар мен жобаны басқару дағдыларын дамыту бойынша міндетті тренингтен өтті. Жобаларды іске асыру кезінде қатысушылар алған білімдерін жетілдірді. Тағы бір атап өтетін жайт, қатысушылар сатып алған құрал-жабдықтардың барлығы өздерінде қалады», – деді Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасының өкілі Надежда Трубова.

«Тоқы және жылуды сыйла» жобасына қатысушы Индира Санқұлованың айтуынша, оның командасы тоқыма шағын цехын ашты. Жобаға қатысушылар айына халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 60-70 бұйым тоқиды. Болашақта команда тегін шеберік-сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.

Экология сұрақтарымен айналысатын Фатима Машанло өз командасымен MyEcoBag жобасын жүзеге асырды. Қыздар қаланың оқу орындарында дизайны ерекше эко-сөмкелерді жасауды үйрететін шеберлік-сабақтар өткізеді.

Ағымдағы жылы байқауға қатысушылар 5 спорт орталығы мен фитнес-клуб, 10 наубайхана мен кондитерлік дүкен, 7 ойын-сауық орталығын және шығармашылық үйірмелерді ашты. Бұдан бөлек, жас кәсіпкерлер 9 тігін және аяқ киім шеберханасын, 5 сұлулық салонын, 3 жиһаз және ағаш шеберханасын, 16 білім беру курсын іске қосты.

Айта кетейік, Алматыда Zhas Project жастар әлеуметтік жобаларының аймақтық форумы өтіп жатыр. Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы.

Соңғы жаңалықтар