Алматылық жас ғалымдар тың жобаны қолға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқу орнының жас педагог-ғалымдарының бастамасымен «t2t Networking» атты жоба басталды. Бұл туралы университеттің ресми өкілі Жандар Асан мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жоба ауылдық жерде орналасқан мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады.

Бұл жобаны ниверситет базасында құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығы қолға алып отыр.

«Жастар жылы мен Қыздар университетінің 75 жылдығы аясында қолға алынған жобаның көздеген мақсаты зор. Бұл бастама - оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Сонымен қатар педагогтардың кәсіби әлеуетін жетілдіреді және білім беруде жаңа технологияларды қолдануға ынталандырады. Біздің оқу орны студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды, - деді жоба авторлары.

null  «t2t Networking» жобасы аясында Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының мүшелері Алматы облысындағы мектеп мұғалімдері мен оқушыларына жаңартылған білім беру бағдарламасына арналған кешенді семинар-тренинг ұйымдастырды. Университет пен мектептің өзара ынтымақтастығын арттыру мақсатындағы шара Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы орта мектептен басталды.

Жиын барысында химия ғылымдарының PhD докторы Мөлдір Әбдіраймова мектеп басшылары мен оқушыларға және ата-аналарға жоғары оқу орны туралы кеңінен мәлімет беріп, Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының жұмыс барысымен таныстырды. Ал, филология ғылымдарының PhD докторы, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Наргиза Балтабаева «Жаңаша оқыту - заман талабы», «ҰБТ-ның жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет» тақырыбында шеберлік сыныбын жүргізді. Сонымен қатар шара аясында университет психологы Мәдина Құрбанбай «Шиеленісті басқару», аға оқытушы Жұлдыз Базаева «Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйрету әдістері» және PhD докторы Шахислам Лайысханов «Ғарыштық түсірілімдерді пайдалану арқылы экологиялық мәселелерді анықтау» тақырыбында тренинг өткізді.null

Жиын соңында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Қарасай ауданындағы мектептер өзара ынтымақтастықты арттыру турасындағы меморандумға қол қойды.

Құжатта университет түлектерін жұмысқа орналастыру және оларды мектеп бағдарламасына бейімдеу, бірлескен білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік кешендер мен оқулықтар әзірлеу, мектеп оқушылары мен студенттердің бірлескен ғылыми зерттеулері мен жобаларын жүзеге асыру, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көмектесу сынды мәселелер қарастырылған.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта бұл шара еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ.

Айта кетейік, биылғы жылдың сәуір айында Қазақстанның жас педагог-ғалымдарының бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылған болатын. Құрылтайшысы Қыздар университеті. Ұйымды құрудағы басты мақсат - мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу. Қауымдастыққа 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми-зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар мүше бола алады.

Соңғы жаңалықтар