Алматылық жас ғалымдар 5G байланысын жасауда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында айтылған 10 міндет аясында Алматыда жүзеге асып жатқан алғашқы қадамдар жетерлік.

Атап айтқанда, қала көшелеріндегі жарықтандыру желісінің  автоматтандырылған жүйеге көшкенін айтуға болады. Көшедегі жарықтандыру жүйесі таң қылаң бере автоматты түрде өзі өшеді.

Бұл жаңалық ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы жас ғалымдар кеңесі мүшелерінің еңбегінің жемісі. 

Бүгінде жас ғалымдар тағы басқа жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.

Болашақтағы жоспарларымен Алматы энергетика және байланыс университетінде өткен жиын барысында Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Махмұт Томанов бөлісті.

«4,0 өнеркәсібі барлық саланың цифрландырылуын білдіреді. Біз индустрияландыру заманына сай бәсекеге қабілетті маман дайындауымыз керек. Сонымен қатар, жолдаудың оныншы міндеті - Смарт Сити мәселесі бізді өте қызықтырады. Ең алдымен тұжырымдама бойынша Астана толық цифрландырылуы тиіс. Одан соң Алматы, Шымкент тағы басқа қалалар жаңа технологиялармен жабдықтала бастайды. Біздің жас ғалымдардың ғылыми жаңалықтарда сөрелерде жатпай, өндіріске енгізілуі тиіс. Алматыда қазір көшені жарықтандыру бағандарында датчиктер орналасқан. Олар автоматты түрде таң қылаң бере өздері жарықты өшіреді. Сонымен қатар жас ғалымдар «Қазақтелеком» АҚ пен біріге отырып, байланысты 5G форматына көшудің ғылыми жұмыстарын жасап жатыр. Яғни, ТВ жақын арада жоғалуы мүмкін. Жылдамдығы секундына 300 Мбт болатын видеоконтентті енді ұялы телефон арқылы да көруге болады. Осы технология арқылы шалғайдағы мамандармен байланысып қашықтан жұмыс жасауға болады. Мысалы бұл жоба Қашаған кен орнында жұмыс жасауға мүмкіндік беретін болады», - деді Елбасы қоры жанындағы жас ғалымдар кеңесінің  төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Махмұт Томанов.

Оның айтуынша, қазір Алматы Энергетика және байланыс университетінде  3 мыңнан аса жас ғалым бар. Олардың бірі Айбек Мұратұлы электр энергиясын тапшылық бар облыстарға таратуға мүмкіндік беретін шунттау реакторын ойлап тапқан.

Жас ғалым мен ғылыми жетекшісі екеуі қондырғыны  зауыттан шығаруға грант ұтып алды.

«Бізде солтүстік аймақта электр энергиясының көзі көп. Ал оңтүстікте тапшылық бар. Бұл қондырғы желілерде орнатылып, электр энергиясын оңтүстікке өткізу қабілетін арттырады. Сонымен қатар, қондырғы Ресейдегі баламаларынан арзан түседі, жаңа жұмыс көздері ашылады», - деді Айбек Мұратұлы.

Ал ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Жас ғалымдар кеңесінде 18 ғалым әр салада еңбектеніп келеді.

Айта кеткен жөн, бүгінгі жиын барысында оқу орнының ұжымы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауындағы маңызды мәселелерді талқылады.

Соңғы жаңалықтар