Алматылық және астаналық туркомпаниялар Тараздың тарихи орындарымен танысты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ұйымдастырған кезекті ақпараттық тур өтіп жатыр. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының туроператорлары Тараз-Шымкент-Сарыағаш-Түркістан-Ақтау бағыты бойынша сапарға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шара аймақтардың туристік әлеуетін танытып, туроператорларды өңірлердегі ахуал және туристік нысандармен таныстыру мақсатында қолға алынған. Оның аясында ақпараттық тур мүшелері ең алдымен Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласына ат басын бұрды.

Облыстық туризм басқармасы мамандарының жол нұсқауымен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының туроператорлары Тараздағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен «Желтоқсан» аллеясына барып, еліміздегі ең ұзын субұрқақпен және Бауыржан Момышұлы ескерткішімен және «Даңқ» залымен танысты. Сондай-ақ, тур бағдарламасы бойынша «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабаджа Хатун» кесенелері мен өзге де тарихи маңызы бар нысандарды аралады.

«Екі күн бойы біз қонақтарға тарихи орындар мен жаңа туристік нысандарды көрсетіп, барынша кері байланыс орнатуға тырыстық. Өйткені дәл осы турфирмалар біздің өңірді ұнатса, ертеңгі күні осылар бізге шетелдік және қазақстандық туристерді алып келеді. Мұндай ақпараттық турлардың туристер санын көбейтуде маңызы зор. Біздің өңірдің туристік әлеуетін жоғары бағалап, Жамбыл облысының туризміне өз үлесін қосып жатқан «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына зор алғыс айтамыз»,-дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Айта кетейік, республикалық ақпараттық тур биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін мамыр айында өткізілген ақпараттық турда еліміздің батысындағы 4 аймақтан жиналған туроператорлар Нұр-Сұлтан – Бурабай – Шымкент – Сарыағаш – Алматы – Алматы облысы – Шығыс-Қазақстан облысы бағыттары бойынша сапар шеккен болатын.

Тараз-Шымкент-Сарыағаш-Түркістан-Ақтау бағыты бойынша ақпараттық тур қарашаның 9-на дейін жалғасып, Ақтау қаласында түйінделеді.

Соңғы жаңалықтар