Алматылық үлескерлер: жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер екінші рет сатылған

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкіміне «Ush-Qonyr» жаңа тұрғын үй кешенінің үлескерлері алданып, пәтерсіз, ақшасыз қалғандарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бостандық ауданында «Lider Group» деген компания жұмыс істейді. 2021 жылы «Ush-Qonyr» тұрғын үй кешенінен пәтер алдық, құрылыс салушы бізге тікелей сатпай, аталған компанияға жіберді. Енді олар үйді салған соң, пайдалануға беру актісі жасалды. Бірақ құрылыс салушы мен «Lider Group» компаниясы өзара келісімді бұзды, ал біз, үлескерлер, біз көппіз, пәтерсіз қалдық. Ақшамызды да қайтарған жоқ», – деп шағымданды алматылық әкімге.

Тағы бір үлескер 2022 жылдың қазан айында полиция қылмыстық іс қозғағанын айтты.

«Біз жәбірленуші деп танылдық. Міне, екі ай өтті. Сізге жүгініп отырмыз. Өйткені пәтерлер екінші рет сатылып жатыр. Біздің пәтерлер басқа адамдарға қайта сатылып кетті. Жаңа пәтер иелері жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», – дейді қала тұрғыны.

Өз кезегінде қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы бұл нысанның өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілгенін айтты. Үй заң аясында салынған.

Оның айтуынша, үлескерлермен келісім-шартты бұзу және қайта сату мәселелері пайдалануға берілгеннен кейін туындаған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров компанияға қатысты желтоқсан айында қылмыстық іс қозғалғанын, бүгінде алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлім етті.

Сондай-ақ тергеу барысында пәтерлерді сатуға тыйым салынды.

Ерболат Досаев ақпан айының соңына дейін процесті тездетіп, істі сотқа жеткізу керектігін атап өтті.

«Бұл тұрғын үй кешені Медеу ауданында орналасқан. Бұл мәселемен біз айналысып жатырмыз, Медеу ауданының әкімі де біледі. Өкінішке орай, мұндай фактілер бізде көп. Енді құрылыс салушымен айналысуымыз керек. Сіздермен келісім-шарт жасаған Lider компаниясының басшыларын немесе құрылтайшыларын іздейміз, сосын «Ush-Qonyrға» барамыз, басқа амал жоқ», - деді қала басшысы.

Әкім өз орынбасары мен басқарма басшысына да орын алып отырған жағдаймен шұғыл түрде айналысуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар