Алматылық тауар өндірушілер «Самұрық-Қазына» тобына 800 млрд. теңгенің тауарлары мен қызметтерін ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық тауар өндірушілер биыл «Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындар тобына 800 млрд. теңгенің тауарлары мен қызметтерін жеткізді. Бұл жылда қол қойылатын өзара ынтымақтастық туралы меморандумның арқасында мүмкін болды. Осындай пікірді бүгін әкімдікте өткен жиын барысында қала басшысы Ахметжан Есімов білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 6 жылдан бері мемлекеттік сатып алу туралы өзара келісім аясында тиімді жұмыс жасап келеді.

Қазір алматылық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алудағы үлесі оның үштен бір бөлігін құрады. Биыл оңтүстікастаналық кәсіпорындар 750 млрд. теңгенің тауарлары мен қызметтерін ұсынған.

Қала басшысы 6 жыл бұрын бұл көрсеткіш 250 млрд. теңге болғанын атап өтті.

«Ауқымды жұмыс тек тауар жеткізуде ғана емес, инженерлік желілерді жаңғыртуда да атқарылып отыр. «Самұрық-Қазына» қорының 7,2 млрд. теңге бөлуінің арқасында жеке секторды газдандыру 95 пайызға жетті. Сондай-ақ электр энергетикасы саласында 80 млрд. теңге салынды. Соның арқасында қазір Алматы кәсіпорындары электр энергиясынан таршылық көріп отырған жоқ», - деді А.Есімов.

Қала басшысы мұндай жаңғыртулардың қала экономикасына тиімді әсер ететінін атап өтті.

«Соңғы 9 айда өнеркәсіп - 3%-ға, құрылыс саласы - 21%-ға, жүк айналымы - 12%-ға, сауда 9%-ға өскен. Осы уақыт аралығындағы ЖАӨ 4,6-4,8 трлн. теңгені құрап, 8%-ға өсті», - деп қорытындылады А.Есімов.

Қала әкімінің орынбасары Ербол Шормановтың айтуынша, алматылық жеткізушілер «ҚазМұнайГаз» АҚ-на 204 млрд. теңгенің, «Қазақстан Темір жолы» АҚ-на 142 млрд. теңгенің, «Самұрық-Энерго» АҚ-на 101 млрд. теңгенің тауарлары мен қызметтерін жеткізген.

«Биылдың өзінде бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. ЖЭО-2-де қазандық агрегатын салуға «Самұрық-Қазына» қоры 9,6 млрд. теңге бағыттады. Сондай-ақ «Көкжайлау» ТШК электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған құны 10 млрд. теңге болатын үлкен жобаны бастап отырмыз», - деді қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов.

Сондай-ақ Ербол Шорманов жаңадан ашылған Наурызбай ауданында 2 электр шағын стансасының құрылысы жобаланып отырғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар