Алматылық таксист Италия азаматын қонақүйге 45 мың теңгеге жеткізген

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Көлік полициясы италиялық азаматшадан қонақүйге жеткізгені үшін 45 мың теңге алған алматылық таксистің кім екенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Италиядан келген азаматша Алматы әуежайынан қонақүйге жеткізгені үшін таксиске 45 мың теңге төлеген.

Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуына қарағанда, қала тұрғынынан шетел азаматын аса қымбат бағамен жеткізіп тастаған жүргізушіге шара қолдану керектігі туралы өтініш түскен.

Көп өтпей жедел іздестіру шаралары нәтиже беріп, жеке такси қызметін көрсетіп жүрген адамның кім екені анықталған.

«Бұл Алматы облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам әуежайдан Бөгенбай батыр көшесіндегі қонақүйге дейін тым жоғары баға айтып, шетелдік азаматшаны жаңылыстырған. Құқық бұзушыға Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 449-бабы 1-бөлігі бойынша шара қолданылды», - дейді Мадияр Айтуғанов.

Ал Қарағанды қаласында 53 жастағы ер адамның теміржол билетін сатып, билеті жоқтарды пойызға мінгізіп, делдалдық жасағаны анықталды.

«Ол бұған дейін де осындай қылмысы үшін жауапқа тартылған болып шықты. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 449-бабы 2-бөлігі бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш (31 800 теңге –ред.) көлемінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің мамандары түрлі деңгейде заң бұзған 25 746 азаматты жауапқа тартты», -деп жазылған департаменттің дерегінде.

Еске салсақ, мамыр айында қыз зорлаған оралдық таксист 8 жылға сотталған еді.


Соңғы жаңалықтар