Алматылық суретшілер балалар ауруханаларына ертегілер әлемін салған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық суретші-декоратор Әлия Сарбалина балалар ауруханаларының қабырғаларын ертегі кейіпкерлерімен әрлеп жүр. Қайырымдылық шарасын қолға алған суретші осылайша бүлдіршіндердің көңілдерін көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаның аты «Мейірімді суреттер» деп аталады. Ал идея авторы – Әлия Сарбалина.

Автордың айтуынша, жобаның іске асуына оның қызы себепші болған. Бір жыл бұрын ол ауырып, жүрегіне ота жасалған екен. Сол кезде қызымен бірге ауруханада жатқан суретші аурухананың қарапайым әрі қараңғылау екеніне мән беріп, бірінші қабатты түгел бояп шығыпты. Палаталардың қабырғаларын ертегілер әлемімен толтырып, түрлі хан сарайларын салып тастаған. Тіпті лифт пен ота кабинеттерінің айналасын да алуан түске бояған.

«Өзі ауру балалар аурухананың дәмін, иісін сезіп, қара түнекте өмір кешпесін деп біз командамызбен мемлекетімізге қолдау көрсетіп жүрміз. Бұған біз ешқандай ақы сұрамаймыз. Ал қабырғаларға түрлі суреттер салу – ол барлық адамға оңынан әсер етері сөзсіз. Өйткені, үйлеріне кеткен баланы осында қайта келгенде, емделіп шығамын деген ниетпен келсе дейміз. Ол жердегі суреттерге қарасаңыз, аурухана деп айтпас едіңіз. Балалардың лагері, балабақша немесе демалатын орын деп қаласыз. Біз ем алушы балаларға да, емдеуші дәрігерге де олардың көңілдері көтеріңкі күйде жүрсін деген ниетпен осылай қолдау көрсетіп жүрміз», - дейді идея авторы.

Суретшілер тобы Құрманғазы көшесіндегі онкологиялық аурухананың, Балалар хирургиясы Ұлттық ғылыми институтының МРТ, КТ аппараттары бөлмелерін, пульманология бөлімшесін, Алматы облыстық аурухананың балалар онкогематология бөлімшесінің, Астанадағы балалар ауруханасының онкологиялық бөлімшесін, Алматыдағы №2 аурухананың онкологиялық бөлімшесін әрлеп шыққан.

Бұл қабырғаларда қазір Корней Чуковскийдің көптеген ертегілерінің кейіпкерлері тұр.

Қазір көптеген балаларды емдеу орындарының бас дәрігерлері шығармашылық ұжымды шақырып жатыр.

«Мүлде қозғалыссыз жататын балалар бар. Олар 1 ай үйіне барса, келесі айда аурухананың сұрқай қабырғаларына қайта оралады. Солардың көңілдерін бәр сәтке болсын, көтеру, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау арқылы біз бір үлес қосқымыз келді», - деді автор.

Сондай-ақ, ол суреттер салатын бояулардың сапасы өте жоғары және арзан еместігін де айтты. Яғни, олар Италия мен Россия бірлесіп жасайтын бояуларды қолданады.

Бұл бояулар 5 жыл ішінде формальдегидтерді сіңіріп, ауаны тазалап тұрады. Шетелде мұны ауруханаларды, балалар асханасын, балалар жүрген жерлерді бояуға қолданады екен.

Қатерлі ісікке қарсы күрес күні қарсаңында ҚР Балалар құқығы бойынша омбудсмен Аружан Саин мен Әлия Сарбалина біріге отырып, таргеттік сәулелендіруге баратын балаларға 16 супермен бетпердесін жасап берген.

Бір мекемені бояп шығу үшін суретшілер 70 000 теңгеге бояу сатып алады. Бұл қаражатты Аружан Саин, Эля Алиева, Жанна Нұрғисанова берген.

Балалар бұл картиналарды қуана қабылдайды.

«Балалар өте риза болады. Аяқтың арасында оратылып, шулап жүреді. Тіпті суретімізді бүлдіреді. Кей кезде бізге қосылып салады. Оны лакпен бояп ескерткіш ретінде қалдырып қоямыз. Бұл – балаларға қажетті арт-терапия, Оның да емделуге қосатын үлесі бар», - деді Әлия Сарбалина.

Болашақта идея авторлары ауруханадарда қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін салуды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар