Алматылық суретші Алаш көсемінің портретін шегемен салды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық суретші Азамат Әнуарбек Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның портретін шегемен салып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Он ойланып, жүз толғанып, алғашқы махаббатымдай аялап, тұңғышымдай толғанып, дәретсіз қол тигізбей мәпелеп, қазақтың мақтанышы, Алаш Орда көсемі - Әлихан Бөкейханұлы бабамның, пуантализм техникасымен салынған портретін салып шықтым. Жалаң ағашқа темір шегемен. Не себепті темір шегемен салынғанын исі қазақ жүрегімен сезініп, түйсігімен ұғынуы қажет. Қалғанына өкпем жоқ. Алаш Орда мемлекетінің 100 жылдық мерейтойына арналатын көрменің алғашқы қарлығашы», - деді суретші өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
null

Айта кету керек, бұған дейін Азамат белгілі боксер Геннадий Головкиннің суретін салып шыққан болатын.

«Темір Генаның» авторы Алаш зиялыларының суретін салуды бұрыннан жоспарлап жүргенін айтты.
«Головкинді шегемен салуым ұлт көсемдерін салу алдындағы өзіме өзім жасаған емтихан болды. Әбден көзім жетті шегемен сурет сала алатыныма. Алаш көсемдерінің суретін салу бұрыннан ойымда бар болатын. Суретімді Астанаға әкелдім. Қазір ел арасынан Атымтай жомарттар табылып, демеу көрсетеміз деп жатыр», - деді Азамат.

Оның айтуынша, темір портретті салуға 1500-1700 шеге кеткен. Автор жұмысты 4-5 күнде аяқтаған.

«Трафарет күйінде суретші досым Дулат Әли көмектесті. Қазбек досым шеге қағуға қол ұшын берді. Шегені ұрғылаудан саусақтарым ештеңе сезбей қалды. Ондай жұмысты жасауға үлкен төзім керек», - деді ол.

null

Автор болашақта демеушілер табылып жатса, Алаш Ордасының құрылғанына 100 жыл толуына орай Алаш үкіметі көсемдері бейнеленген 25-30 сурет салып, бүкіл Қазақстанды көрмемен аралап шықсам деген ойын жеткізді. Оның айтуынша, сапар Астанадан басталып, Семейде аяқталмақ.

Соңғы жаңалықтар