Алматылық студенттерге дәстүрлі дін ұғымы түсіндірілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Аяжан» медициналық колледж студентері дәстүрлі дініміз туралы дәріс тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медициналық колледж студентеріне дәрісті дінтанушы Мирас Конусбекұлы оқыды. Ең алдымен ол хақ дініміз исламның құндылықтары жайында ой өрбітіп, дін мен дəстүр сабақтастығын кеңінен қамтып өтті.

«Ата-бабаларымыз ұстанып келген асыл дініміздің рухани құндылықтарына негізделген, шариғатқа еш қайшы келмейтін ұлттық үрдісімізден, салт дəстүрімізден айнымай, керісінше, қадірлей білуіміз керек. Діннің негізгі қағидаларын білместен өзге елдің өмір салтына, киім үлгісіне еліктеп, өз ұлтының рухани бастауынан жерінудің өзі адасушылыққа апарып, деструктивті көзқарас қалыптастырады»,- деді дінтанушы Мирас Конусбекұлы.

Дінтанушы еліміздегі діни ахуалға тоқталып, христиан бағытындағы діни ағымдар мен секталар жəне олардан келетін қауіп-қатер жайында жан-жақты жастарға түсіндіріп берді.

«Мəселен, «Иегова куəгерлері» діни бірлестігіне əлемнің 35 мемлекетінде тыйым салынды. Осыдан бір жыл бұрын Ресей мемлекетінде аталмыш діни ұйымның жұмысы тоқтатылды. Өкінішке орай сол «Иегова куəгерлері» бірлестігінің қатарында өзіміздің қаракөздер де болды.Теріс ағымның жетегінде көбінесе жастар, жан-дүниесі күйзеліп жүрген жандар кететіні белгілі»,- деді ол.

Қауіп-қатердің алдын алу маңыздылығына айрықша тоқталған дін маманы жастарды саламатты да сауатты өмір сүруге шақырды.

«Бүгінде адамның ой-санасына əсер ететін ақпарат тасқыны ғаламтор кеңістігі арқылы ағылып келіп жатқаны белгілі. Экстремистік идеяларды нəсихаттайтын сайттардың қолжетімділігі де арам пиғылды топтарға тиімді болып отыр. Сондықтан сіздер - жастар дін мəселесіне қатысты сауалдарға жауапты қауіпті сайттар мен кездейсоқ жандардан емес мешіт имамдарынан немесе ҚМДБ-ның ресми сайттарынан алу керексіздер»,- деп қорытындылады Мирас Конусбекұлы.

Кездесу соңында студенттер дін тақырыбына қатысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, маман тарапынан тұшымды жауап алды.

Соңғы жаңалықтар