Алматылық студенттердің туберкулезге шалдығуын мамандар ЖОО басшылығынан көреді

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматы қалалық Қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айзат Молдағасимова алматылық студенттер арасында туберкулездің таралуының бірнеше себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2018 жылы Алматы қаласында 8 студент туберкулез ауруына шалдыққаны анықталып,  оның екеуі дерттің ашық түріндегі формасымен ауруханаға жатқызылған. Айзат Молдағасимова жұқпалы ауруға шалдыққан студенттер медициналық бақылауға алынбай, асқынғанда ғана ем сұрап өздері келгенін айтты.  

«2018 жылы 8 жағдай тіркеліп, 2 екі студент туберкулездің ашық формасымен ауырғаны анықталды.2017 жылы 57 студент тіркелсе, оның 33 пайызы асқынғанда барып, ем сұрап келген. Бұл өте қауіпті көрсеткіш. Жоғары оқу орындарының медицина саласы бойынша жауапты, лауазымды тұлғаларына айыппұл салдық. Оның мөлшері 20 АЕК көлемінде. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп есептеймін. Көп жағдайда айыппұл төленіп, оқиға ұмытылып кетіп жатады. ЖОО басшылары бір медициналық орталықты таңдап алып, келісімшарт жасасады. Сол медорталық студенттерді қарауға міндетті. Біріншіден,профилактикалық тексерудің сапасы төмен. Екіншіден, студенттердің денсаулығын үнемі қадағалап отыру қажет. Туберкулезбен ауыратын студент анықталды ма, оны тіркеуге алып, бақылауда ұстау қажет», - деген Айзат Молдағасимова енді сол дертке шалдыққандар шыққан ЖОО-ларға қызмет көрсететін медициналық орталықтарға жекелей қолданылатын шаралар құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді.

Маманның айтуынша,студенттер арасында жұқпалы дерттің өршуінің бірнеше себебі бар.

«Бұл жағдайға ЖОО басшылары тікелей жауапты. Оқу корпустарында жоба бойынша көрсетілген мөлшерден артық студенттер оқиды. Бұл  адам денсауығына әсер етеді. Студенттердің көптігінен уақытында тазалық жұмыстары жүргізілмейді. Ғимараттардағы желдеткіштер істемейді. Ауырған студенттердің иммунитеті әлсіреген, дұрыс тамақтанбаған. Егер профилактикалық тексеріс дұрыс жүргізілгенде мұндай көрсеткіш азырақ болатын еді. Өйткені, 2017 жылы анықталған 57 студент те, 2018 жылы анықталған 8-і де оқуға қабылданып, профилактикалық бақылаудан өткен.  Ректорат бұл жағдайды өздері қолға алмаса жағдай қиындай береді»,- деді Айзат Молдағасимова.

Еске сала кетейік, Алматы қаласында 2017 жылы 623 туберкулезге шалдыққан адам тіркелді. Оның 57-сі студент және 9 пайызы зейнеткер. Студенттердің дені Қыздар педагогикалық университетінде оқиды. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Медициналық университет, Алматы технологиялар университеті,Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттерінен туберкулез  анықталды.  

Соңғы жаңалықтар