Алматылық студенттер отбасылық құндылықтың маңызы жөнінде онлайн тренингтерге қатысты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы жоғары оқу орындарында отбасылық құндылықтың маңызы жөнінде онлайн тренинг өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Зор Рух» қайырымдылық қорына сілтеме жасап.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Отбасы институты» жобасы аясында Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері үшін ZOOM платформасында отбасын құру, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша онлайн дәрістер мен онлайн семинар тренингтер ұйымдастырылды.

«Менің болашақ отбасым», «репродуктивті денсаулық», «экономика және отбасылық бюджет» тақырыптарында дәрістер мен семинарларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отбасылық құндылықтарды зерттеу орталығының директоры, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Майра Кабакова өткізді.

Онлайн семинар тренингтерге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, «Тұран» университеті, «Қайнар» академиясы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы, С.Асфендияров атындағы медицина университеті, «Нархоз» университеті, Еуразиялық технологиялық университетінен 500-ден астам студент қатысты.

«Отбасылық өмір - бұл үлкен шығармашылық жоба! Егер осы маңызды жоба шеңберіндегі қызмет пен қарым - қатынас ләззат сыйласа, қуаныш сыйласа, онда сіз бақытты адамсыз», - деді қалалық Жастар мен отбасын тұрақты дамыту бөлімінің басшысы Орынбасар Құдайбергенов.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының қолдау білдірген «Отбасы институты» жобасының мақсаты - Алматы қаласында отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Әлеуметтік тапсырысты тікелей жүзеге асырумен «Зор Рух»қайырымдылық қоры айналысады.

Жоба әлеуметтік қорғау жүйесінде отбасылық-бағдарланған тәсілді дамытуға, отбасы институтын нығайтуға және тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына бағытталған. Оның аясында Алматы қаласында отбасы институтын нығайтуға және отбасы мүшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты психологиялық, құқықтық, білім беру және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар