Алматылық студенттер Назарбаев Университетінің профессорларымен кездесті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Назарбаев Университеті Алматыда Ашық есік күнін өткізді. Дәстүрлі шара барысында қаланың жас тұрғындары университеттің оқытушыларымен, түлектерімен және қызметкерлерімен кездесті. Қатысушылар академиялық бағдарламалар, оқуға түсу және оқу шарттары, гранттардың түрлері туралы жан-жақты ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге келгендер диплом алғаннан кейін түлектерге қандай мүмкіндіктер ашылатынын да біліп, өздерін қызықтыратын сауалдарын ортаға тастап, Назарбаев Университетінің профессорларымен пікір алмасты.

Небәрі 12 жылдың ішінде Назарбаев Университетінің қабырғасынан 7 мыңға жуық түлек шықты. Қазір олар отандық және шетелдік танымал компанияларда жұмыс істейді, тіпті Кремний алқабын да бағындырып жүр. Көбісі бизнеспен айналыса отырып, еліміздің және әлемнің жетекші университеттерінде оқуын жалғастырып жатыр.

Шара барысында Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі Деканының орынбасары, лингвист Андрей Фильченко Назарбаев Университетіне (НУ) қабылдау мен оқу меритократия қағидаттарына негізделгенін айтты. Студенттер алғашқы күннен бастап профессорлармен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Біздің мектеп (факультет) Назарбаев Университетіндегі ірі мектептердің бірі (2,5 мыңнан астам студент оқиды) және оқытатын мамандықтар бойынша диапазоны ең кең мектеп. Мұнда химия, биология, физика-математикадан бастап, әдебиет, кинематографияға дейін қамтылған. Бакалавриат бойынша 10, магистратура және докторантура бойынша 11 мамандық бар. Экономика, саясаттану, халықаралық қатынастар, әлеуметтану, лингвистика, тарих, философия, әдебиеттану мамандықтарына сұраныс өте жоғары, яғни барлық мамандықтар айтарлықтай танымал. Бізде оқу ағылшын тілінде. Сондықтан, бізге түскісі келетіндердің IELTS сертификаты болуы шарт. Ағылшын тілін жетік меңгермеген студенттер үшін бізде арнайы 1 жылдық бағдарлама (Foundation) бар. Студенттерге барынша мүмкіндіктер жасалады», - дейді ол.

Спикердің сөзінше, университетте әлемнің 59 елінен келген оқытушылар сабақ береді. Олардың бәрі ғылым докторлары, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатысады. Педагогикалық ұжымның 30%-ға жуығы – қазақстандықтар.

Назарбаев Университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, студенттер әлеуметтік-экономикалық жағдайы әртүрлі отбасылардан шыққан және олардың 30 пайызы әлеуметтік жағынан осал топтарға жатады. 10 бакалаврдың 4-еуі НУ-ды бітіргеннен кейін оқуын жалғастырды, бұл – халықаралық контексте жоғары көрсеткіш. Түлектердің басым бөлігі Қазақстанда қалып, көбісі еліміздің білім беру саласында, оның ішінде жоғары позицияда жұмыс істейді.

Жаңа оқу жылында университетте 6 807 адам білім алып жатыр, оның ішінде 35 елден келген 190 шетелдік студент бар. Түлектер геоғылым, цифрлық ғылым, мемлекеттік басқару, білім, инженерия, медицина және т.б. салаларда әлемдік деңгейдегі диплом алады.

НУ Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің бағдарламалары да жоғары сұранысқа ие. Бүгінгі таңда мұнда бакалавриат, магистратура және докторантураны қосқанда 2 500-ден астам студент оқиды. Мектеп болашақ бағдарламашыларды, робототехника мамандарын, инженерлерді дайындайды.

«Мектебіміздің студенттері қызықты және халықаралық жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бізде 70-тен астам зертхана бар, білім алушылар онда өз дағдыларын шыңдайды. Кейбір студенттер әртүрлі елдерге барып, тәжірибе алмасады. Мысалы, біздің болашақ инженер-техник мамандарымыз Shell Eco-Marathon халықаралық экологиялық таза автокөліктер байқауына қатысатын көліктерді жасаумен айналысты. Сондай-ақ, әртүрлі жобаларға маманданған арнайы клубтар бар», - деді НУ Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің Қауымдастырылған профессор Константинос Костас.

Профессор бұл мектептің түлектері Қазақстанда ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті. Олардың кейбіреулері қазір Meta, Google, Schlumberger сияқты жаһандық компанияларда жұмыс істейді.

Назарбаев Университетінде Медицина мектебі бар. Мұнда «Медицина ғылымдарының бакалавры», мейірбике ісі, биомедициналық ғылым, медицина докторы, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бар. Университеттің медициналық орталығының (UMC) клиникалары Joint Commission International аккредитациясынан өткен, бұл – ауруханалық көмек сапасының халықаралық стандарты.

Студенттік және оқу ісі жөніндегі Деканның орынбасары, Қауымдастырылған профессор Сайед Али университеттің академиялық денсаулық сақтау жүйесі елдегі басқа медициналық университеттер мен университеттік ауруханалар үшін бағдарлау қызметін атқаратынын айтты. Студенттер клиникалық тәжірибе жинақтайды және оқуды бітіргеннен кейін резидентурадан өтеді.

Назарбаев Университеті Қазақстанның басқа қалалары мен өңірлерінде НУ күндерін өткізуді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар