Алматылық полицей жаппай тәртіпсіздік кезінде әріптесіне қалай көмектескенін айтты

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматылық учаскелік полиция инспекторы көптің арасынан әріптесін алып шығуға қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл – Медеу аудандық полиция басқармасы УПП-79 бөлімінің аға учаскелік инспекторы Ернар Әйтенов.

Ол 5 қаңтар күні күндіз болған тәртіпсіздік туралы егжей-тегжейлі айтып берді

Олар таңертең Медеу аудандық полиция басқармасы басшылығының нұсқауымен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысына жөнелтілген.

«Шерушілермен қиян-кескі қақтығыс кезінде күштер Сейфуллин көшесіне ығыстырылды. Бөгенбай батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында полиция қызметкерін ұстап алған агрессивті ер адамдарды байқадым. Оның үшеуі тұтқынға алынған полиция қызметкерін қиылыстың ортасына апарып, тізерлетіп отырғызып қойып, қорқыту мақсатында қатты ұра бастады. Бұл әрекеттерді көргенде шошып кеттім, тіпті, аздап есеңгіреп қалдым. Алайда, ойымды тез жинақтап, әріптесіме көмектесуге ұмтылдым. Мен оларды тарату үшін тіке жиналғандардың арасына қарай жүгірдім. Артымнан жүгіріп келе жатқан жолдастарым, ұсталған қызметкерді қалқанмен жауып, алып шықты», – дейді Әйтенов.

Оның айтуынша, құтқарылған әріптесімен бұрын таныс болмаған. Қолға түскен полицей ауыр жарақат алған және қазір емделіп жатыр.

«Мен бұрын-соңды мұндай қатыгездікті көрген емеспін, адамдардың мұндай әрекеті менің көңілімді қалдырды, бірақ әскери міндет пен ант бәрінен жоғары. Барлығы мен сияқты әрекет ететініне сенімдімін», – деп түйіндеді құқық қорғау органының қызметкері.

Ернар Әйтенов – ІІМ Алматы академиясының түлегі. Қазір ол 15 мың тұрғыны бар «Самал» ықшамауданында тәртіпті күзетеді.

Инспектор бұл қиын-қыстау күндері ата-анасының ол үшін қатты алаңдағанын айтты. Сондай-ақ, Ернар – отбасындағы жалғыз бала.


Соңғы жаңалықтар