Алматылық отбасы 42 500 теңге жәрдемақыны қалай алғанын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тұратын көпбалалы Балмұратовтар отбасы мемлекет тарапынан берілген 42 500 теңге жәрдемақыға қалай қол жеткізгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балмұратовтар шағын кәсіппен айналысады. Отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр. Карантин жарияланғалы бері олардың жеке кәсіптен түсетін табысы тоқтап қалған.

Надира Реймова жеке кәсібі болғандықтан, өзінің жәрдемақы алатынына сенбеген.

«Мен көпбалалы ана ретінде АӘК алатын тұлғалардың санатына кірмеген болатынмын. Жеке кәсібім болғандықтан бұл жолы да маған жәрдемақы төленбес деп ойладым. Бірақ, еңбек сайты арқылы өтініш беріп көрдім. Жасыратыны жоқ, басында 3 күн сайтқа кіре алмадым. Сайт жүктемесі ауыр болды. Төртінші күні күдерімді үзген кезде 7 сынып оқитын қызым сайтқа кіріп көріп, өтініш жіберді. 3 жұмыс күні өткен соң 4-күні маған телефоныма жәрдемақы түсті деген хабарлама келді», - деді Надира Реймова.


Көпбалалы ана мемлекеттің бұл қолдауына риза болғанын айтты.

«Ең төменгі күнкөріс мөлшеріндегі жәрдемақы қиын жағдайда қалған отбасыларға керемет көмек деп ойлаймын. Өйткені, жалдамалы жұмыс істейтін көп адамдар біз сияқты кәсібін уақытша тоқтатқаны рас. Ең бірінші кезекте қазір халықтың денсаулығы – мемлекеттің өзекті басым бағыттарының бірі болып отыр. Осындай сәтте бізді қолдап ақшалай көмек жіберіп жатқаны көңіл қуантады», - деді Надира РЕймова.

Отанасы 42 500 жәрдемақы түспей тұрғанда қалалық әкімдіктің жедел желісіне хабарласқан. Телефон шалған соң 2 сағаттың ішінде «Bizbirgemiz» қоры мен Nur Otan партиясынан еріктілер отбасыға азық-түлік себетін алып келген.

«Себетте күріш, қант, кұнбағыс майы, сүт, тоқаш, антисептик, қант қосылған сүт, шәй, ұн, 30 шақты маска, иіс сабын, макарон өнімі болды. Әсіресе, балаларыма антисептик пен маска өте қажет болатын. Өмірде қайырымды жандар бар екен», - деді ол.

Отанасы тігін шебері болғандықтан, отбасы мүшелеріне қолдан маска тігеді. Реймовтар отбасы 42 500 теңге қаражатты азық-түлікке жұмсағанын айтты.


Соңғы жаңалықтар