Алматылық өрт сөндірушінің отбасында үшем дүниеге келді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Еламан Дәуеновтың жас отбасында Әмірхан, Әлихан және Аяла есімді үшем дүниеге келді. Бұл ақжолтай жаңалықты Төтенше жағдайлар министрлігі жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл – Алматы қаласы ТЖД Өртке қарсы қызмет гарнизоны үшін қуанышты жағдай. Әріптесіне қолдау көрсету үшін сәбилерді шығарып алу рәсіміне №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі екінші қарауылының жеке құрамы және өрт сөндіру қызметі басқармасының басшылығы барды.

Жас әке атанған 26 жастағы Дәуенов Еламан Қамбарұлы мемлекеттік өртке қарсы қызметте 7 жыл қызмет етіп келеді. Еламан 2022 жылдың 5 қаңтарында Абай көшесі, 34 мекенжайында отқа оранған көпқабатты үйдегі құтқару жұмыстарына және өртті сөндіруге қатысқан болатын. Сол кезде №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Арман Сәдуақастың басшылығымен өрт сөндірушілер бүлікшілердің шабуылына тап болды. Алдына қойылған мақсатыннан қайтпай, кейін шегінбей, олар азаматтық киім киіп, өртеніп жатқан үйге кіріп, тұрғындарды жоғарғы қабаттардан эвакуациялап, өртті сөндірді. Нәтижесінде 1939 жылы туған әйелді құтқарып, ауруханаға аман-есен жеткізіп, дәрігерлерге табыстады. Сонымен қатар, бүлікшілерден екі қыз-келіншекті аман алып қалып, оларды №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі қауіпсіз жерге орналастырды.

Еламан Дәуенов қаңтар оқиғаларындағы қызмет барысында көрсеткен қайсарлығы, елдегі төтенше жағдай кезінде азаматтардың мүлкін қорғап, тұрғындарға көрсеткен қамқорлығы үшін Алматы қаласы әкімінің және қалалық кәсіпкерлер палатасының алғыс хаттарымен марапатталды.

«Мен үшемнің әкесі болатынымды білгенде, қатты толқыдым. Әйелім екеуміз мұндай жағдай болуы мүмкін деп ойламадық. Әрине, қазіргі уақытта алаңдаушылық сезім бар. Кейбіреулер бір жаңа туған нәрестемен не істерін білмей жатады, ал бізде бірден үш сәби дүниеге келді», - дейді жас әке.

ТЖД басшылығы қолдау көрсетіп, отбасына ҚР заңнамасына сәйкес тиісті материалдық көмек берілді.

Айта кетсек, Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметтеріне сәйкес, өткен 2022 жылы Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі 3 мыңға жуық жедел шығуды жүзеге асырып, 600-ден астам адамды эвакуациялады. 154 адам, оның ішінде 24 бала құтқарылды.


Фото: ТЖМ сайты

Соңғы жаңалықтар