Алматылық өрт сөндірушілер бір тәулікте 8 өрт ошағын жойды

None
Ашық көздерден алынған фото
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының Алатау, Бостандық, Наурызбай, Түрксіб аудандарында қураған шөп өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 23 наурызда өрт сөндірушілер 8 өрт ошағына шықты. Алатау, Бостандық, Наурызбай, Түрксіб аудандарынада құрғақ шөп тұтанған.

23 наурыз сағат 16:20-дан бастап ТЖД күштері мен құралдары Бостандық ауданындағы «Ерменсай» ықшам ауданының Бақтыгереев көшесінде өртті сөндірудің жоғары дәрежесі бойынша жұмыс істеді.

«Өрт сөндіру бригадасы барған кезде тау бөктерінде жалпы аумағы 2 га жерді қамтыған құрғақ шөптің жануын анықтады. Жел тұрғандықтан, өрттің беткейлердегі тұрғын үйлерге қарай таралу қаупі туындады. Өрт автотехникасы тауға шыға алмағандықтан, қызыл жалынды қарапайым құралмен және аспалы өрт сөндіргішпен ауыздықтауға тура келді. Өрт 18:31-де толық жойылды. Қабылданған шаралардың арқасында өрттен үйлер мен алма бағын қорғауға қол жеткізілді», - деп деп мәлім етті департаменттен.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 24 маман және 5 техника жұмылдырылды.

«Өрт қауіпті кезеңнің басталуына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын ашық отты пайдаланудан, от жағудан, темекі шегуден және құрғақ шөп пен орылған шөпті өртеуден бас тартуды сұраймыз. Кінәлі адамдар әкімшілік, ал ауыр зардаптар туындаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деп еске салды ведомство өкілдері.


Соңғы жаңалықтар