Алматылық онколог бас және мойын қатерлі ісігі белгілерін анықтау жолын айтты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы онкологиялық орталығының дәрігері Самал Тойынбекова бас және мойын ісігінің ең көп таралған түрлерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласы бойынша 2023 жылдың 5 айында онкологиялық аурушаңдықтың жалпы құрылымында бас және мойын ісіктері 6 пайызды құрап отыр»,- деді ол.

Онколог дәрігер қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін атап өтті.

«Тамақ ауруы, дауыстың қарлығуы, беттің ұюы – осы қарапайым да жиі кездесетін белгілер бірнеше апта бойы сақталса, бас пен мойынның қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін», - дейді Самал Тойынбекова.

Айтуынша, бас және мойын ісіктерінің ең көп таралған түрлерінің бірі - тері ісігі. Бұл ауру дененің кез келген бөлігінде болуы мүмкін, бірақ көбінесе бас терісінде, бетте және мойында болады. Тәуекел факторларына ультракүлгін сәулелердің ұзақ әсер етуі, генетикалық бейімділік және басқалар жатады.

Бас және мойын ісіктерінің тағы бір түрі - көмей ісігі. Бұл ауру дауыс желбезегі, көмейде немесе тыныс алу жүйесінің басқа органдарында пайда болуы мүмкін. Тәуекел факторларына темекі шегу, алкогольді тұтыну, инфекциялар және басқалар жатады.

«Ми ісігі ми мен жұлынның түрлі аймағында пайда болады. Бұл ісіктер қатерлі немесе қатерсіз болады. Оның әр түрлі белгісі болуы мүмкін, атап айтсақ, бас ауруы, жүрек айнуы, құсу, көру қабілетінің өзгеруі. Бас және мойын ісіктерінің тағы бір түрі - сілекей безінің, қалқанша безінің, мұрын және мұрын қуысының ісіктері мен көз ісігі жатады»,- дейді онколог.

Бас және мойын ісіктерін емдеу аурудың түріне және сатысына байланысты. Ондай ісікті хирургиялық алып тастау, сәулелік терапия, химиотерапия және басқа әдістермен емдейді.

«Ісіктің пайда болуының нақты себебін анықтау әлі де мүмкін болмады. Дегенмен, кейбір факторлар бас және мойын ісіктерінің даму қаупін арттыратыны белгілі. Ең алдымен, темекі және алкоголь. Егер адам ұзақ уақыт (40 жылдан астам) және көп (күніне 25-тен астам) темекі шегетін болса, онда көмей, жұтқыншақ, ауыз қуысы ісігінің пайда болу ықтималдығы темекі шекпейтін адамға қарағанда, 40 есе жоғары болады.

Аурудың жақын туыстарда (ата-анада, бауырларында немесе балаларында) болуы бас және мойын ісіктерінің даму қаупін екі есе арттырады. Қалқанша безінің қатерлі ісігінде әсіресе тұқым қуалайтын бейімділік байқалады», - дейді маман.

Онколог дәрігерге үнемі тексерілу ауруды ерте кезеңде анықтауға және ауыр зардаптың алдын алуға көмектесетін еске салды.


Соңғы жаңалықтар