Алматылық оқушылар Жамбыл Жабаевтың кітап көрмесін тамашалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда А. Чехов атындағы кітапханада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Алатаудың асқақ жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының мектеп оқушылары ұлы ақын, қазақтың ауызша поэтикалық өнерінің шебері Жамбыл Жабаевтың кітап көрмесімен танысты. Онда ақының өмірі мен шығармашылығы, Отанға деген сүйіспеншілікке толы шығармалары туралы материалдар ұсынылған.

« Биыл елімізде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы атап өтіледі. Бұл игі бастаманы біздің кітапханада қолдайды. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған түрлі іс-шаралар өткіземіз. Біздің жастар өз тарихын білуі керек деп санаймын», - дейді кітапхана қызметкері.

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл тауы етегінде (қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданы) дүниеге келген. Еркін және тентек болып өскен ол қобыз бен домбыра тартуды анасы Ұлданнан үйренді. Тым ерте өзінің поэзияға деген қызығушылығын сезінді. Бала кезінен «Қобыланды», «Алпамыс» эпостарынан, қырғыздың «Манас» эпосынан, «Рүстем туралы аңыз», «Көроғлы» шығармаларынан үзінділер орындады.

Ж.Жабаев қазақ халқы поэтикалық өнерінің дамуына үлкен үлес қосты, бүкіл өмірін жалпыадамзаттық құндылықтар мен жақсылықты, әділеттілікті дәріптеуге және патриотизмді тәрбиелеуге арнады.


Соңғы жаңалықтар