Алматылық оқушы NASA-да тағылымдамадан өтуге жолдама алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Америкадағы NASA-дан халықаралық тағылымдамадан өтуге шақырту алған республикалық физика-математика мектебінің 11 сынып оқушы Дана Кариева ҚазАқпарат тілшісіне әлемнің ең үздік 50 оқушысының басын біріктіретін Хьюстондағы United Space School мектебіне жолдаманы қалай алғаны туралы айтып берді.

Дана Кариева тағылымдамаға қатысу туралы өтінішті қыста берген. Ол ғарышқа ұшу саласын зерттейтін АҚШ агенттігімен жақынырақ танысатынына қуанышты.

«Мен тағылымдамаға қатысу туралы өтінішті қыста беріп қойдым. Оған өтініш қалдыру үшін өзім туралы қысқаша түйіндемемді, жетістіктерімді, зерттеу жобаларымды, және ғарыш мамандарына келесі сапарда қайда шығу керегі туралы ойымды эссе түрінде жаздым. Бірінші кезеңнен өткен соң, екінші кезеңге мені сұхбатқа шақырды. 30 минуттай бейнеқоңырау арқылы мектеп өкілдерімен сөйлестік. Онда мен ғарышқа қатысты ойларымды айттым. Сұрақ қойдым. Іріктеу нәтижесі бір айдан кейін шықты. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты соңғы екі жылда бұл бағдарлама онлайн өтуде. Бізде тағылымдамаға дайындық-оқу басталып кетті. Апта сайын біз үй тапсырмасын жіберіп отырдық. Бір-бірімізбен Facebook арқылы сөйлестік. Мен осындай мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Өйткені бала кезімнен ғарыш саласына қызығатынмын, сол тақырыпта түрлі деректі фильмдер көріп, энциклопедияны көп оқыдым. Жұлдызды аспанды мобильді қосымша арқылы бақылап, Алматыдағы обсерваторияға жиі барамын», - дейді Дана Кариева.

Айтуынша, осындай жетістікке қол жеткізуіне себепкер болған анасы.

«Менің ең басты ұстазым - анам, ол маған көмектесіп, менің барлық бастамаларымды, қызығушылықтарымды қолдап келеді. Мен Павлодар облысына қарасты Ақсу деген кішкентай қалада туып-өстім. Соған қарамастан анам менің оқудан, спорттан, музыкадан жан-жақты хабардар болып өсуім үшін бәрін жасады. Сондай-ақ, мектептегі ұстаздарыма да рақмет айтқым келеді. Олар, Гауһар Тастембекова, физика мұғалімі Юрий Довгаль және биология пәнінен сабақ беретін ұстазым Бауыржан Смайлов. Менің ғылымға қызығушылығымды арттырған осы кісілер», - дейді ол.

Ойы озық, ғылымға құштар оқушы бірнеше республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанған.

«Мен орта мектепте оқып жүргенімде информатика жобасымен айналыстым. Яғни, көбейту кестесін қолданатын математикалық тренажерды жүзеге асырдым. Мен сол жобамды 2016 жылы Павлодар қаласындағы Павлодардың Инновациялық Еуразиялық университеті ұйымдастырған «Білім мен ғылымның интеграциясы - болашаққа қадам» конференциясында қорғап 2-інші орын алдым, ал 2017 жылы аталған жоба Қазан ұлттық ғылыми-технологиялық университеті өткізген Нобель үміттері байқауында IT номинациясы бойынша үшінші орынға ие болды», - дейді ол.

Дана Кариева өнерден де кенде емес.

«Мен бала кезімнен музыкалық мектепте эстрадалық вокалды оқыдым. Павлодар, Ақтөбе және Алматы қалаларында өткен түрлі байқаулар мен концерттерге қатыстым. 2014 жылы мен Польшада өткен «Снежная вершина» халықаралық фестивалінде эстрадалық вокал номинациясы бойынша бірінші орын алдым»,- дейді оқушы қыз.

Алматылық оқушының былтыр коронавирус пандемиясы ушыққанда жасаған ерлігі де айтуға тұрарлық.

« Былтырғы жаз Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Коронавирус індеті өршіп, ауру жұқтырғандар саны күн сайын өсті. Дәрі- дәрмектің жетіспеушілігі орын алғанын бәріміз білеміз. Дәріханалардан дәрі іздегендердің қарасы көп болды. Осы уақытта әлеуметтік желіде Қазақстанның ірі қалаларында арнайы топтар құрылды, олар дәріханалардағы жаңа жеткізілімдер туралы хабарлады, қажетті дәрі-дәрмектерді қай жерден табуға болатындығы туралы ақпарат берді және көмек көрсетті. Мен Павлодар үшін, әсіресе менің Ақсуым үшін алаңдадым. Өйткені, біз жақта ондай топ болған жоқ. Шілде айында мен Instagram-да aksu_plus деген аккаунт аштым. Мен туған қалам Ақсуда орналасқан барлық дәріхананы аралап, ондағы бар ең қажетті дәрі-дәрмек тізімін жасап шықтым. Дәрі іздегендерге әлеуметтік желі арқылы ақпарат беріп отырдым»,- дейді ол.

Кейінірек ол әлеуметтік желі арқылы пайдалы ақпараттар жариялай бастады.

« Мен әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға пайдалы ақпараттар беруге бел будым. Яғни, маскалардың түрлері, оны дұрыс тағу ережесі, қауіпсіздік шаралары туралы жаздым. Мен таратқан ақпараттар нақты әрі сенім болу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтын қолдандым. Коронавирусқа, санитарлық талаптарға қатысты ағылшын тілінде жазылған материалдары орыс тіліне аударып жариялап отырдым. Бұл жұмыспен екі ай айналыстым. Кейін, аурудың беті қайтып, дәрі-дәрмек, маска мәселесі де шешілді»,- дейді ол.

Кейіпкеріміз, биыл республикалық физика-математика мектебін бітіріп жатыр. Ол өзін стартаптарда және ғылыми салада сынап көргісі келеді.

«Ия, биыл мен РФММ бітіріп жатырмын. Былтыр мен ERG - Momentum жобасында кәсіпкерлік дағдыларын үйрендім. Сондықтан мен өзімді стартаптарда және ғылыми салада сынап көргім келеді, өйткені мен астрономия мен биологияға өте қызығамын, ал стартаптар инновацияны насихаттаудың ең тиімді әдісі. Олар адамдарға ғылымның көмегімен пайдалы нәрсе жасауға көмектеседі. Менің мақсатым - рухани өсу, жауапты және жан-жақты тұлға болу, жоғары білім алу, таңдаған саламның кәсіби маманы болу және өзімнің стартапымды ашу»,-дейді Дана Кариева.


Соңғы жаңалықтар