Алматылық оқушы қала тарихымен таныстыратын мобильдік қосымша жасады

None
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы №15 гимназияның оқушысы Тимур Қырбасов өлкенің тарихын зерттеуге арналған бірегей қосымша ойлап тапты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бағдарлама көше немесе аялдамаға жақындаған кезде автоматты түрде нысан туралы пайдалы, танымдық тарихи ақпарат береді.

Автордың айтуынша, бұл қаланы жақсы білгісі келетіндерге таптырмас мүмкіндік әрі жас буынның тарихқа деген қызығушылығын арттырады.

«Мен әзірлеген мобильдік қосымшаны пайдаланушы көшені кесіп өткен сәтте көшеге қатысты немесе сол жердегі нысандар туралы ақпарат береді. Жобаның мақсаты – оқушыларға ел тарихын күнделікті өмірде зерттеуге көмектесу. Тарихты білу өте маңызды деп санаймын», - деді Тимур Қырбасов.

Мобильдік қосымшаны Google Play және App Store арқылы жүктеп алуға болады.

Айта кетейік, бұл оқушының Алматы мен туған өлкенің тарихын зерттеуді насихаттайтын жалғыз идеясы емес. Ол қоғамдық көлікте аялдаманы хабарлаған кезде оған қысқаша тарихи ақпарат қосуды ұсынады.

Тимур қазірдің өзінде үш авторлық құқықтың иесі. Соңғы үш жылда халықаралық және республикалық ғылыми жобалар байқауында жеңіске жетті. 2023 жылы «Жыл оқушысы» атанды.


Соңғы жаңалықтар