Алматылық оқушы АҚШ-та өткен математика байқауынан жүлделі оралды

Фото: Фото: Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық оқушы Сағын Жұмаділдаев АҚШ-тың Даллас қаласында өткен әлемдегі ең беделді ғылыми жобалар байқауының бірі – International Science and Engineering Fair-дан жүлделі екінші орынмен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол «Математика» секциясы бойынша «L-тромино-плиткалары» жобасын ұсынды, сондай-ақ 1000 доллар көлемінде сыйақы еншіледі.

«Бір жыл бұрын олимпиадада L-тромино фигурасының көмегімен плиткаларды жанастыру бойынша тапсырма орындадым. Осы тақырыпқа қызығушылық туындап, оны жоба ретінде жасауды қолға алдым. Әлі дәлелденбеген теоремалар бар, соны шешу арқылы келесі жылы да ISEF-ке қатысу жоспарда тұр», – дейді жас математик.

Сонымен қатар байқауға Көкшетаудағы Зияткерлік мектептің оқушысы Асылхан Қали де қатысып, «Aq Zhol» жобасын таныстырды. Бұл –жүргізушінің халі мен мінез-құлқын бақылауға мүмкіндік беретін бейнетіркегіш және жол-көлік оқиғаларынының санын азайтуға бағытталған.

«Қазақстанның туын әлемдік аренда көтеріп, еліміздің атынан өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Болашақта одан да жақсы нәтижеге жетуде бар күш-жігерімізді саламыз», – деп Асылхан өз әсерімен бөлісті.

Айта кетейік, International Science and Engineering Fair – 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған STEM жобалардың дүниежүзілік байқауы. Халықаралық шара жыл сайын өтеді және әлемнің 100 елінен келген 2000 оқушының арасынан үздіктерді анықтайды.


Соңғы жаңалықтар