Алматылық мектептер акция аясында 1,5 тонна қалдықты қайта өңдеуге тапсырды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қаланы көгалдандыруға арналған «Жасыл мектеп» акциясы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Алматы әкімдігі EN Social компаниясымен бірлесіп «Жасыл мектеп» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Әкімдіктің мәліметінше, аталған жоба - мектептер ішінде эко-рейнджерлер тобын құруға бағытталған.

«Олар сарапшылардың техникалық және әдіснамалық қолдауымен мектептерде қалдықтарды бөлек жинауды жүзеге асырды, бастауыш сыныптарға тренингтер өткізді, мектептерде заттар мен кітаптар алмасу бойынша эко-фестивальдар ұйымдастырды, құстарға жем салғыштар жасап, өздерінің эко-белсенділіктерін дамыту үшін мектеп жеделхаттары мен ютуб арналарын құрды. Жобаға барлығы 11 мектеп: №25 гимназия, №46 гимназия, HighTech мектебі, № 125 мектеп, РФММ, №172 гимназия, №185 мектеп, №200 гимназия, Престиж мектебі, №76 мектеп, №143 мектеп-лицей қатысты», - делінеді әкімдік хабарламасында.

Акция қорытындысы бойынша қалалық мектептер қайта өңдеуге 1,5 тонна қалдық тапсырды.

«Маусым айының басында, яғни, оқу жылы аяқталған соң, барлық пайдаланылған мектеп, жұмыс дәптерлерін, контурлық карталарды, күнделіктерді және т.б. жинап, оларды қайта өңдеуге беру жоспарлануда. Алматы мектептері осы жобамен 100% қамтылған жағдайда, қалада қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыру мәселесі шешіледі, ал балалар арқылы тұрғындар арасында эко-мәдениеттің негізгі қағидаттарын енгізуге болады», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жоба қорытындысы бойынша қатысушылар 29 мамырда марапатталатын болады. Марапаттау рәсімінен соң балалар Алматы қоқыс сұрыптау зауытына экскурсияға барып, қаладағы қалдықтарды басқарудың барлық процесін көре алады.


Соңғы жаңалықтар