Алматылық медицина ұйымдарының қызметінен 347 млн теңге қайтарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Медициналық сақтандыру қоры 2019 жылдың он айында республика тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмек сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесін қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг нәтижесінде Алматы қаласы бойынша 347 млн теңгенің қызметі түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықталды. Бұл мәліметті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы бөлімшесі ұсынды.

Хабарламаға сүйенсек, кемшіліктің басым көпшілігін стационарлық және стационарды алмастыратын көмек ұйымдары жіберген. Мониторинг нәтижесінде олардан 284 млн теңгеден астам қаржы қайтарып алынған. Консультативтік-диагностикалық көмек ұйымдары 11,7 млн теңгенің қызметін көрсетуде заңбұзушылық жасаған. Қалған 11,9 млн теңгеден астам айыппұл жедел жәрдем, қан қызметі мен патологоанатомиялық қызмет субъектілеріне салынды.

«Көптеген медициналық ұйымдар емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға орын берген. Сонымен қатар, көрсетілді деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған емханалар да бар», – деді МСҚ Алматы филиалының Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімі басшысы Әсем Манапбаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа енгізілді. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты бойынша) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады.

Алматыда 178 медицина ұйымы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін көмек көрсетіп жатыр. Олармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 117,3 млрд теңгеден асады.

Соңғы жаңалықтар