Алматылық медицина мекемелерінен 1,8 млрд теңге қайтарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Медициналық сақтандыру қоры 2021 жылы Алматы тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмек сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесін қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг нәтижесінде Алматы қаласы бойынша 75 мың қызмет түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықталды. Осыған байланысты қаладағы емдеу мекемелеріне 1,8 млрд теңге айыппұл салынды. Бұл мәліметті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы бөлімшесі ұсынды.

МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген. Емханалар көрсеткен қызметтен 60 мың кемшілік анықталып, 194,6 млн теңге қайтарып алынды.

Сонымен қатар, ақаумен көрсетілген 15 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Олар аталған кемшіліктер үшін 1,6 млрд теңге айыппұл төледі.

«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Естеріңізге сала кетсек, Қор сарапшылары халыққа көрсетілген қызмет сапасын тұрақты бақылап отырады.

Көрсетілген қызмет ақысы да жан-жақты тексеруден кейін төленеді.

Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.


Соңғы жаңалықтар