Алматылық көрермендерге әлемдік балет жұлдыздары «Кармен сюитасын» ұсынды
2021 жылғы 6 желтоқсан 14:32

Алматылық көрермендерге әлемдік балет жұлдыздары «Кармен сюитасын» ұсынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Альберто Алонсоның «Кармен сюитасы» балетінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Ресейдің халық әртісі, Үлкен театрдың прима-балеринасы, «Ла Скала» театрының этуалі Светлана Захарова өнер көрсетті. Ол Алматыға алғаш рет 2012 жылы қарашада келген болатын. Сол кезде ол Руслан Скворцовпен «Жизель» спектаклінде ойнады.

«Майя Плицеская – аңыз адам. Мен «Кармен – сюита» балетінің премьерасын дайындау кезінде онымен біраз жұмыс істеу бақытына ие болдым. Бұл оның мерейтойларының бірі және Үлкен театрда атап өтілді. Сол кезде қойлымға Альберто Алонсоның өзі келген болатын. «Кармен сюита» спектаклі менің өмірімдегі ең маңызды спектакльдердің бірі. Мен оны көптеген жылдар бойы әлемнің әртүрлі сахналарында билеп келемін. Бұл қойылым әлі де сұранысқа ие және көрермен оны қуана тамашалайды», - дейді прима-балерина. Айта кетейік, 2021 жылдың 30-31 қазанында Алматыда аты аңызға айналған Майя Плицескаяның 95 жылдығына арналған IV Халықаралық Ballet Globe, фестивалі «Аққу көлі» спектаклімен ашылды. Ballet Globe фестивалінің негізін қалаушы Ерлан Андағұловтың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – халықты балет өнерінің сан қырлы әлемімен: жоғары классикадан бастап заманауи хореографиялық өнердің бірегей картиналарына дейін таныстыру. «Жыл сайынғы фестиваль кеңінен танымал. Бұл фестиваль әлем жұлдыздарының басын қосады. IV Халықаралық Ballet Globe фестивалі- шын мәнінде тарихи оқиға. Сонымен қатар, біздің әсем театрымыздың сахнасында біздің заманымыздың ең жарқын әлемдік жұлдыздарының бірі Светлана Захарованың Алматыға келуін балет сүйер қауым көп жыл күтті», - деді ол.


Ұқсас жаңалықтар
Алматыда көпқабатты автотұрақтар салынады
2022 жылғы 11 тамыз 10:02

Алматыда көпқабатты автотұрақтар салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жыл соңына дейін Алматы қаласында көпқабатты автотұрақтар салу бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге келген аудан тұрғыны автотұрақ мәселесін көтерді.

«Әуезов ауданындағы мәселелердің бірі - автотұрақ. Көшелер машинаға лық толы, көлік жүретін жолдар жартылай жабылып қалған. Нәтижесінде өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктері кіре алмай қалады. Көпқабатты автотұрақтар салу керек деп ойлаймын»,- деді аудан тұрғыны.

Ерболат Досаев алдағы уақытта көпқабатты тұрақтар салынатынын мәлім етті.

«Жыл соңына дейін Алматы қаласында көпқабатты автотұрақтар салу бағдарламасын ұсынбақпыз. Бұл аулаларды ішінара босатады. 2023 жылы біз жеке инвесторлармен жұмыс істей бастаймыз»,- деп жауап берді қала басшысы.

Бұған дейін Алматыда ақылы автотұрақтар қаланың меншігіне қайтарылғаны туралы жазған болатынбыз.


Фото: highways.today




Алматы тауларында адасып кеткен ағылшын азаматы табылды
2022 жылғы 10 тамыз 14:10

Алматы тауларында адасып кеткен ағылшын азаматы табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Чимбулачка» шыңында адасып кеткен ағылшын азаматы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының құтқару қызметінің мәліметінше, 9 тамыз күні сағат 21:08-де төтенше жағдайлар департаментінен «Чимбулачка» шыңынан түсіп бара жатқан кезінде 1979 жылы туған Ұлыбританиялық Макогон Романның адасып кеткені туралы хабарлама түскен.

«Іздестіру жұмысына «Тұйық су» лагерінен экипаж жолға шығады. Сағат 22:44-те құтқарушылар адасқан адаммен визуалды байланыс орнатқан (ол таудың арғы жағында болды). Екі жақ кездесу орнына дейін қозғалысты жалғастырған. Сағат 00:30-да құтқарушылар адасып кеткен адаммен кездесіп, төменге түсе бастайды.

Сағат 02:45-те олар «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына келеді. Мұнда ағылшын азаматын әйелі күтіп алды. Сондай-ақ оған медициналық көмек қажет болған жоқ»,- делінеді Алматы қаласының құтқару қызметінің хабарламасында.


Абай күні: Алматыда ұлы ақынның шығармалары метрода орындалды
2022 жылғы 10 тамыз 14:00

Абай күні: Алматыда ұлы ақынның шығармалары метрода орындалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері метроға түсіп, ұлы ақынның шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Абай күні аталып өтіп жатыр. Осы айтулы датаға орай, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері метроға түсіп, ұлы ақынның шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындады.

Айтыскер ақын Ринат Зайытовтың айтуынша, Абай күні тек қағаз бетінде ғана қалмауы керек, оның шығармаларын халықтың ортасына шығып насиихаттау қажет.

«Бүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары метрода Абай атамыздың шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Жолаушылар өте риза болды. Менің ойымша, Абайды әртүрлі бағытта насихаттауға болады. Өскелең ұрпаққа ұлы ақынның шығармаларын, әнін осылай да жеткізуге болады»,- дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT