Алматылық клиникалар 7,5 млрд теңгеге консультативті-диагностикалық қызмет көрсетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың 11 айында алматылық клиникалар халыққа 7,5 млрд теңгеге КТ/МРТ сынды консультативтік-диагностикалық көмек түрлерін көрсетті. Бұл туралы онлайн брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қор Алматы тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге 43,6 млрд теңге төледі. Халыққа көрсетілген қызмет ақысы оның сапасы мен көлемі толық тексерілгеннен кейін аударылады. Шын мәнінде көрсетілген, емдеуге қойылатын талаптар мен хаттама тәртібі сақталған қызметтер үшін ғана ақы төленеді.

«Мәселен, МӘМС іске қосылғалы бері бұрын азаматтар қалтасынан төлеп келген бағасы қымбат қызметтер қолжетімді бола бастады. Өткен 11 айда сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген КТ/МРТ, ПТР сынды тағы басқа қызметтер саны 2019 жылмен салыстырғанда 3 есе артты. 11 айда Алматы қаласы бойынша көрсетілген консультативтік-диагностикалық қызметтерге 7,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді», - деді филиал басшысы.

Шығынның басым бөлігі – 23 млрд теңгеден астамы стационарлық медициналық көмекке тиесілі. Тағы 6,8 млрд теңге жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын медициналық қызметтерге, 2,6 млрд теңге стационарды алмастыратын көмекке, 305,7 млн теңге профилактикалық тексерулерге жұмсалған.

«Сонымен қатар, биыл реабилитациялыұқ қызмет түрлерін көрсететін клиникалар саны 69-ға жетті. Яғни, МӘМС жүйесі бұрын жекелеген санаттарға ғана тегін көрсетіліп, көбіне азаматтардың қалтасынан төленіп келген медициналық қызметтерді қолжетімді етті», - деп қорытты Тілеухан Әбілдаев.


Соңғы жаңалықтар