Алматылық келіншек Түркияда мерзімінен бұрын босанып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркияда уақытынан бұрын босанып қалған алматылық Дарья Васильева аурухананың қарызынан құтыла алмай баласын қалдырып кетуге мәжбүр болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«28 маусымда күйеуім, қайын атам үшеуіміз Түркияға ұшып кеттік. Сол кезде жүктілігіме 24 апта толған. Ұшақпен ұшқанда ешқандай проблема болған жоқ. 29-30 маусым аралығында жағдайым нашарлап кетті. Ішім қатты ауырды. Жедел жәрдем келмеді, оның орнына жай көлік келді», - деді келіншек.

Келіншек ауруханаға бара жатқанда жолда жанармай құю стансасында босанып қалған.

«Сол кезде маған жедел жәрдем шақырылды. Мен көргенімде бала тірі еді. 700 грамдық шақалақты инкубаторға салып, Антальяға жіберді. Ал мен гинекология бөліміне жаттым», - деді келіншек.

Түрік дәрігерлері отбасынан 3,5 мың АҚШ долларын төлеуді талап еткен.

«Баланы бізге көрсетпеді. Оны арзанырақ ауруханаға жіберді. Күйеуіме егер ақы төлемесеңдер, төлқұжаттарыңды тартып алып, сыртқа бір адамды ғана жібереміз деді. Біз қолымызда болған 1,5 мың долларды бердік», - деді Дарья Васильева.

Қазақстан азаматтары келген соң Түрік консулдығына хабарласып, баласының жағдайын білмек болған.

17 шілдеде Дарьяға Қазақстанның Антальядағы өкілі хабарласып, төлейтін ақша жоқ болса, баладан бас тартуы керектігін айтқан.

Қазақстанға ұшу уақыты таяп қалған соң амал жоқ баланы тастап кетуге мәжбүр болған.

25 шілдеде олардың Түрік ауруханасына берешегі 15 мың АҚШ долларына жеткен.

ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, әйел босанған соң баласын қалдырып кете берген.

«Бала шала туғандықтан, оған өте қымбат күтім көрсетіліп жатыр. Түрік дәрігерлерінің айтуынша, отбасы баланың емінен бас тартып, байланыс телефондарын қалдырмай кете берген», - деді баспасөз қызметінен.

Құзырлы орган хабарлағандай, баланың ата-анасы Қазақстанға келген соң Түркия консулдығынан баланың өлгені туралы анықтама сұратқан.

«Бала қазіргі таңда сол ауруханада жатыр. Жағдайы бірқалыпты жақсы, тек әлі де күтім қажет етеді. Баланың ата-анасы баланы алдырамыз десе, құжат жағынан көмектесуге дайынбыз», - деді ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар