Алматылық кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде 10 мәселе оңтайлы шешімін тапты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің бүгінге дейін өткен 4 жиынында 15 мәселе қаралған.

Солардың ішінде 10 мәселе өзінің оңтайлы шешімін тапты. Бұл туралы палата директорының құқықтық істер жөніндегі орынбасары Айтуар Қошмамбетов мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінің мүшелері 10 мәселенің соңына нүкте қойды. Ал, 5 сұрақ қазір шешілу үстінде», – деді Айтуар Қошмамбетов.

Кеңестің төрағасы Тілек Байғабыловтың айтуынша, кәсіпкерлердің маңызды мәселесіне келгенде жергілікті және мемлекеттік органдар төбе көрсетуге онша құлық танытпаса керек. Олар көбіне шақыртулардан бас тартатын көрінеді.

Отырыс барысында ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев ҚР ҰКП «Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Заң жобасының әзірленуіне қатысқанын айтты.

«Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін аталмыш Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізуге уақытымыз бар. Енді Үкіметтің әр отырысында кәсіпкерлердің бизнесіне кедергі келтіріп жүрген мәселелер көтерілетін болады», – деп қорытты Нұржан Әлтаев.

Соңғы жаңалықтар