Алматылық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 55 жоба қаржыландырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы кәсіпкерлерін қолдау аясында 94 млрд теңгеге 55 жоба қаржыландырылды. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов онлайн бирфинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнесті 6 пайызға дейінгі мемлекеттік субсидиямен қамтамасыз етуді тапсырған. Оның қатарына сауда-саттық, көлік тасымалы, туризм, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлар және қонақ үй кәсібі бар.

«Субсидия төтенше жағдай жарияланған күн - 16 наурыздан бастап 12 айды қамтиды. Осы тұрғыда Алматы қаласында кәсіпкерлікті қолдау аясында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, 94 млрд теңгеге 55 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, отандық бизнесті қолдау аясында Алматы әкімдігінің тапсырмасымен өңірлік «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, арнайы порталды іске қостық. Оған қаладағы әр өндіруші компания өз деректерін енгізе алады», – деді ол.

Сонымен қатар, Нариман Әбілшайықов «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау-бизнес» жобасы іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік негіздерін оқыту. Оның аяқтаған соң тыңдаушыларға бизнесін дамытуға 200 АЕК көлемінде грант беріліп отыр. Бүгінде Алматы қаласында маусым айынан бастап бұл жобаны 2 287 тыңдаушы аяқтады. 2020 жыл бойынша Алматы қаласына 1 705 грант бөлінген. 327 тыңдаушы қазір кәсібін бастады»,-деді спикер.


Соңғы жаңалықтар