Алматылық кәсіпкерлер жалдау төлемін қай уақытқа дейін шегере алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев онлайн брифинг барысында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау және дамыту мақсатында Алматы қаласының әкімдігі биылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығындағы кезеңде ШОБ өкілдерімен жалдау шарттарына жалдау төлемдерін есептеуді тоқтата тұру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

«Осы жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы шағын және орта бизнес субъектілерімен 307 жалдау шартын жасады. Қазіргі уақытта сайт қайта іске қосылды, ол шағын орта бизнесті жалға алушыларға ҚР аумағында Төтенше жағдай кезеңіндегі сияқты жалдау төлемдерін тоқтата тұруға өтінім беруге және қосымша келісімдер жасасуға мүмкіндік береді»,-деді Рүстем Әлиев.

Сондай-ақ, спикер Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасының сайтында жалдау төлемдерін тоқтата тұруға өтініш беру туралы толық бейне нұсқаулық бар екенін еске салды.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы Telegram қосымшасында виртуалды-кеңесші gosaktivy_bot чат-ботын іске қосты, ол мемлекеттік мүлікті жалға алу бойынша барлық сұрақтарға жауап береді», - деді ол.

Басқарма басшысы жыл сайын 60 мың шаршы метрден астам мемлекеттік алаң жалға берілетінін атап өтті.

«Қоғамдық тамақтандыру (мектеп асханалары) - 39,5%, жеке мектептер мен балабақшалар – 24,54%, басқалар (нотариустар, ателье, кеңселер) - 16,32%, оқыту және спорт секциялары – 9,2%, мемлекеттік мекемелердегі буфеттер мен асханалар – 7,82%, ұялы байланыс операторларының антенналары – 1,14%, ПИК, қызмет көрсетуші компаниялар -1,02%, банктер, кассалар және вендингтік автоматтар - 0,46% құрайды»,- дейді спикер.


Соңғы жаңалықтар