Алматылық кәсіпкерлер ғасыр дерті бойынша тегін тексеруден өтіп жатыр
2018 жылғы 12 ақпан 11:48

Алматылық кәсіпкерлер ғасыр дерті бойынша тегін тексеруден өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда арнайы акция аясында кәсіпкерлер мен бизнес құрылым жетекшілері ғасыр дертінен тегін тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Иммунитет тапшылығының вирусы (ИТВ) тексеру акциясы Алматының ЖИТС орталығында өтіп жатыр. Тексерілуге барған кәсіпорын, мекеме қызметкерлері мен басшыларына дерттен қорғану жолдары түсіндіріліп, дәрігерлер індеттің бизнеске кері ықпалы жоқ екенін айтып берді.

«Акцияға «Алатау жарық» компаниясының 130 қызметкері мен басшылық қызметтегі адамдары қатысты, сондай-ақ қаладағы өзге де техника саласындағы кәсіпорын қызметкерлері келуде. Алдағы наурыз айында Дүниежүзілік экономикалық форумның бизнес құрылымдар арасында жыл сайынғы сауалнамасы жүргізіледі. Онда анкета түрінде ИТВ-ның бизнеске ықпалы туралы сұрақтар қойылады. Сауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандықтар арасында ИТВ-ның қаншалықты түсіндірілгені анықталады», - деді Алматы қаласы бойынша ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының бас дәрігері Марат Түкеев.

Акция аясындағы тексерілу 15 минут ішінде жүргізіліп, нәтижесі бірден анықталады. Тексерілуші туралы ақпарат құпия сақталып, тек өзіне ғана айтылады.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT