Алматылық кәсіпкер үйін су басқан оқушыға үш бөлмелі пәтер сыйлады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Алматылық кәсіпкер Қайрат Құдайберген баспанасы суда қалып, камера алдында жылаған ақтөбелік оқушы Махаббат Ешімоваға үш бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде баспанасынан айырылып, «кітаптарым суда қалды» деп жылаған Махаббат Ешімова үшін бүгін қуанышты күн. Кәсіпкер Қайрат Құдайберген оның отбасына үш бөлмелі пәтерді сыйлады.

«Біз өте қуаныштымыз. Кәсіпкер бізге Батыс ауданынан үш бөлмелі пәтер сыйлады. Алдағы екі аптада жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті тұрмыстық техниканы алып береміз деп уәде етті. Қуанышымызда шек жоқ. Біз үшін алаңдап, тілек айтқан барша адамға алғысымызды айтамыз. Үйсіз жүргендер баспаналы болсын!»,- деді Тұрғангүл Ешімова.

Бүгін Қайрат Құдайберген Ақтөбеге келіп, Ешімовтер отбасына жаңа пәтерін көрсетті. Ол өзі жасаған сыйды барлық кәсіпкерлерге үлгі етіп, қазақстандықтарды баспанасыз қалған отбасыларға көмектесуге шақырды.

Бұл бейнематериал Қайрат Құбайбергеннің әлеуметтік желідегі парақшасында бар. Ал Махаббат Ешімова өзін Махамбет ауылынан алып шығып, жаңа үй сыйлаған ағасына алғыс жеткізді. Ол «өзіңіз қартайсаңыз да, жүрегіңіз қартаймасын» деген тілегін айтты.


Айта кетейік, кеше ғана Қайрат Құдайбергеннің ақтөбелік оқушыға баспана алып беретіні сөз болған еді. Қалалық әкімдік ол ұнатқан үйдің өзен жағасында екенін ескертіп, саяжай статусын өзгертугекелісім бермеген.

Соңғы жаңалықтар