Алматылық каллиграф бойжеткен Louis Vuitton, Dior сынды брендтердің тапсырысын орындап жүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматылық бойжеткен Дана Дүйсембай каллиграфия өнерін өз бетімен үйренген. Айтуынша, аталған өнер түрі елімізде енді дамып келеді. Жас каллиграфтың жұмысына қызығушылық танытып, тапсырыс берген әлемдік брендтердің қатарында Louis Vuitton, Dior, Jo Malone, Yves Saint-Laurent және тағы басқа бар. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі жас өнер иесінің шығармашылық жұмыстарымен жақырынақ танысқан еді.

22 жасар Дана Дүйсембай Алматы облысы Боралдай кентінің тумасы. Қазір Алматыда М. Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясында темір жол саласы мамандығын меңгеріп жатыр. Ол оқудан тыс кезде каллиграфия өнерімен айналысады.

Аталған өнер түріне басында қызығушылық танытып, хобби ретінде бастап, қазір негізгі кәсібіне айналған деуге болады.

«Каллиграфия – қолмен әдемілеп жазу өнері. Көп адамдар оны кәдімгі қолмен жазумен (почерк) байланыстырып немесе шатастырып жатады. Ол екітүрлі нәрсе. Каллиграфия жазуын бейнелеу өнерінің ерекше жанры деуге болады. Каллиграф мамандығын жоғары оқу орындарында немесе колледжде арнайы оқытпайды. Дегенмен өнер орталықтары мен студияларда оқып меңгеру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар өз бетімен немесе курс оқып үйренуге болады. Бұл мамандықтың тағы бір ерекшелігі тұрақты жұмыс болмауы мүмкін. Яғни тапсырыс бүгін бар, ертең жоқ», - деді Дана Дүйсембай.

Айтуынша, бойжеткен каллиграфия саласына күтпеген жерден келген.

«1 курс оқып жүргенде YouTube-тен каллиграфия өнері туралы видео көріп қалдым. Бейнежазбаны көргеннен соң қызығушылығым артып, интернеттен каллиграфия туралы тереңірек білуге кірістім. Сол сияқты каллиграфтардың жұмысымен танысып, өз бетімше жазып үйрене бастадым. Нәтижесінде қызығушылық арта түсіп, кейін арнайы курс оқыдым. Ал қазіргі жазып жүрген стиль яғни перомен жазуды кейінірек меңгердім. Ең алғашқы тапсырыс 2019 жылы кофеханадан түсті, олар 100 стаканның сыртына каллиграфия стилінде жазу жазып беруімді сұрады. Сондай-ақ, дәмханалар мен кофеханалардан мәзір тақтасына жазу тапсырыстары түсе бастады. Барлығы да қолмен жазылады», - дейді ол.

Уақыт өте келе жас каллиграфтың еңбегі еленіп тапсырыс берушілер саны көбейе бастаған.

«Кейін түрлі құттықтаулар, кітаптың алғы бетін каллиграфиямен жазуға тапсырыстар болды. Осылайша күн санап тәжірибем мен келіп түсетін тапсырыстар арта бастады. Мысалы, былтыр Dior брендінің Алматыдағы басқарушы директоры жеке хабарласып, олармен 3 күн бойы жұмыс істедім. Биыл наурызда 4 әлемдік брендтен тапсырыс алдым, оның ішінде Yves Saint-Laurent, Valentino, Armani және Lancome бар. Одан бөлек, еліміздегі Louis Vuitton брендімен де жұмыс істедім. Яғни оларға мереке, туған күн басқа да айтулы даталар бойынша құттықтау хаттарын (открытка) жаздым. Клиенттің таңдауына қарай үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жазып беремін», - дейді маман.

Оның айтуынша, Қазақстанда каллиграфия өнері енді ғана дамып келеді және мамандар көп емес. Айтар болсақ, Алматыда бар-жоғы 4-5 ғана каллиграф бар екен, ал еліміз бойынша оншақты маман осы кәсіппен айналысып жүр.

«Каллиграф деген кім? Ол немен айналысады деп сұрап жататындар бар. Менің ойымша, бұл мамандықты игеретіндердің азшылықты құрауы кәсіпті меңгерумен байланысты. Себебі каллиграфия өнері төзімділік пен үзбей үйренуді талап етеді. Сондықтан көбісінің шыдамы жете бермейтін секілді. Каллиграфия - шет мемлекеттерге жақсы дамыған. Жұмыстың бағасына қатысты сөз қозғасақ, бұл жерде бірнеше жайт қамтылады. Баға қоюда алдымен тапсырыстың көлемі, оған жұмсалатын уақыт және қандай құрал қолданылатыны ескеріледі. Мысалы, туған күнмен құттықтау парағын (открытка) жазу шамамен 1500-2000 теңгеге шығады. Жұмыс сәтті шығуы үшін уақыт пен шабыт рөл ойнайды. Себебі каллиграфия шығармашылық жұмыс, яғни қолөнер», - деді алматылық бойжеткен.


Бүгінде Дана тәжірибесін өзгелермен бөлісіп жүр. Каллиграфия өнерін үйренуге ниеттілер баршылық екен.

«Қазір шәкірттерім бар, үйретіп жатырмын. Болашақта жеке студия ашу жоспарым бар. Тапсырысты студияда қабылдап және топтық курс ұйымдастырсам деймін. Каллиграфияны меңгергісі келетін жандарға айтарым, алдымен қандай мақсатта үйренгіңіз келетін нақтылап алыңыз. Аталған өнерді үйренуге табандылық және үздіксіз тәжірибе қажет. Біраз уақыт айналыспасаңыз қол шығып кетеді. Бастаған істі тастамаған жөн», - деп түсіндірді Д. Дүйсембай.





Соңғы жаңалықтар