Алматылық дәрігерлер жүрек тұсына пышақ сұғылған адамды аман алып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлері жүрегі мен өкпесіне пышақ сұғылған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы тұрғынының айтуынша, ол танысымен сөзге келіп қалған. Пышақ жарақатын сол кезде алған. Ер адам ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен.

«Мұндай жағдайда науқасқа жедел көмек көрсету өте маңызды. Әрбір минут санаулы. Ер адам бірден ота бөлмесіне жеткізілді. Хирургтер тобы торакотомия отасын жасады. Бұл кеуде қуысын ашу, жүрек жарасын тігу және сол жақ өкпенің жарақаттарына да операция жасалды. Ол шамамен төрт литр қан жоғалтқан. Ота кезінде пациентке 11 доза қан мен плазма құйылды»,– деді бас дәрігердің орынбасары Оңласын Ибекенов.

Операция бір жарым сағатқа созылды.

Хирург, реаниматолог және хирургиялық бөлім қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде науқас 10-шы күні ауруханадан қанағаттанарлық жағдайда шығарылды.


Соңғы жаңалықтар