Алматылық дәрігерлер жүрек ақауымен туған нәрестені аман алып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматыда перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жүрек ақауымен туған нәрестені дәрігерлер аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, дәрігерлер нәрестеге туабіткен жүрек ақауы, қолқа критикалық коарктациясы, қарыншааралық қалқаның ақауы, жоғары өкпе гипертензиясы диагнозын қойды.

«Жаңа туған және дүниеге келгеніне бірнеше ай болған нәрестеде қолқа коарктациясы өте ауыр болуы мүмкін. Бұндай жағдайда төменгі бөлімдердегі қан айналымы тек артериалды қан ағысы арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұл - өте қауіпті, қиын жағдай. Дененің жоғарғы бөлігіндегі жүрек жеткіліксіздігі мен гипертония белгілері қайта қалпына келмейтін ми қан тамырларының зақымдануына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда кардиохирургтың жедел көмегі сәби өмірі үшін өте маңызды»,– деді дәрігер Геннадий Нигай.

Кардиохирург Геннадий Нигай қолқаның тарылу аймағын жою үшін кезең-кезеңімен екі рет ота жасады. Бірінші кезеңде нәрестенің дүниеге келгеніне 6 күн болғанда дәрігер коарктация резекциясын жасап, көлденең анастамоз қойды.

«Бұл әдіс бір жасқа толмаған балаларда қолқа коарктациясын қауіпсіз түзеуге мүмкіндік береді», - дейді Геннадий Нигай.

Балаға бір айдан кейін қарыншааралық қалқа ақауы пластикасы бойынша екінші операция жасалды. Екі отаның әрқайсысы 3 сағатқа созылды.

Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы жақсы, ауруханадан үйіне шығаруға дайындап жатыр.


Соңғы жаңалықтар