Алматылық дәрігерлер жол апатына ұшыраған автобус жолаушыларына қатысты ақпарат берді
2018 жылғы 22 қаңтар 16:50

Алматылық дәрігерлер жол апатына ұшыраған автобус жолаушыларына қатысты ақпарат берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер қалада жол апатына ұшыраған автобуста зардап шеккен жолаушылардың жағдайына қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, өткен сенбі күні Сүйінбай көшесімен келе жатқан 416-шы бағдардағы автобус апатқа ұшырап, 8 адам жарақаттанған болатын. Алайда, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы 6 жолаушы ғана медицина көмегіне жүгінгенін айтты. Зардап шеккен жолаушылардың біреуі - бала.

«Үш жолаушы Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасына жеткізілді. Бір жолаушыға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілсе, жарақаттанған екі жолаушы қала клиникаларына орналастырылды. Зардап шеккен бала Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Дәрігерлер оны тексеріп, нейрохирургия бөліміне жатқызды. Оның миы шайқалып, бас сүйегі зақымданған. Үстіңгі ерні жыртылған. Бүгінгі күні жағдайы орташа деп бағаланып отыр», - деді Алматы Денсаулық басқармасы.

Сонымен қатар, оқиға орнынан тағы бір жолаушы №4-ші қалалық ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген болатын. Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жолаушы дәрігерлердің бақылауында екенін айтты.

«Ол жолаушыға жабық бас сүйек жарақаты мен миы шайқалған деген диагноз қойылып, клиникаға жатқызылды. Жолаушының жағдайы орташа», -деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, Сүйінбай көшесімен оңтүстік бағытпен келе жатқан 416-шы бағдардағы автобус жол шетіндегі ағашқа соғылған. Автобус жүргізушісі өзге жолаушының қателігінен көлік рөліне ие бола алмай, жол жиегіндегі ағашқа соғылғанын жеткізген. Автобуста барлығы 20 жолаушы болған.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT