Алматылық дәрігерлер жасы 60-тан асқан ер адамның көзінен металл сынығын алып шықты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Орталық қалалық клиникалық ауруханада көзіне металл сынығы түскен 62 жастағы ер адамға күрделі операция жасалды. Бұл туралы ОҚКА офтальмологы Гүлзат Әбдірайымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды.

«62 жастағы ер азаматтың көзіне металл сынығы түскен. Көлігін жөндеу барысында оң көзіне металл сынығы түскен ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Металл сынығы көздің барлық қабаттарынан өтіп, көз орбитасының ішіне, жанардың жүйке тамырлары орналасқан тұсына қадалған. Ота барысында металл алынып, жарақаттың салдарынан болатын менингит пен сепсистің алдын алдық», - деді офтальмология бөлімшесі меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.

Жоғары технологиялар мен білікті мамандар пациенттің көз жанарын сақтап қалды.

«Күрделі ота үш сағатта аяқталды. Жалпы, мұндай ота асқан шеберлікті, зергерге тән дәлдікті талап етеді. Өйткені операция барысында көздегі шыныәйнектің пішініне титтей де зақым келмеуі тиіс», - дейді офтальмолог.

Қазір емделушінің жағдайы жақсы, көру қабілеті қалпына келді. Бірақ ол алдағы уақытта көз дәрігерлерінің бақылауында болуы тиіс.

Айта кетейік, ОҚКА-ның офтальмология бөлімшесі пациенттерді тәулік бойы үздіксіз қабылдайды. Бөлімше кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен МӘМС аясында қызмет көрсетеді. Биылғы жылдың басынан бері офтальмология бөлімшесінде 450-ге жуық операция жасалды.


Соңғы жаңалықтар