Алматылық дәрігерлер коронавирустың балалардың денсаулығына қалай әсер ететінін айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - COVID-19 мутацияға ұшырады. Өткен жылы Алматыда дерттің ауыр түрімен ауруханаға түскен балалар саны 10-15%-дан аспады, алайда биыл жаңа штамм инфекцияның ағымына және белгілеріне өзгерістер енгізді.

Бұл туралы қалалық клиникалық балалардың инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ержан Сералиннің айтуынша, балалар коронавируспен жиі ауырады, бірақ оларда ауруға ересектердегідей иммундық жауап жоқ, әдетте аурудың ағымы кішкентайларда жеңіл өтеді.

«Бұл балаларға сақ болу қажет емес дегенді білдірмейді. Өйткені балалар әлсіреген иммунитетпен дертті жұқтырса, сондай-ақ олардың созылмалы аурулары болса, коронавирустың қауіпті болады», - деді бас дәрігер.

Оның үстіне, балалар – коронавирустың әмбебап тасымалдаушылары, сондықтан ересектер жауапты болуы керек, вакциналанған болса да, қоғамдық орындарда бетперде мен әлеуметтік қашықтықты сақтаған жөн.

Дәргер инфекцияға бір жасқа дейінгі балалардың да бейім екенін айтты.

«Жас шектеуі жоқ, көбінесе бұл мобильді жастағы балалар. Клиникалық көрініске келетін болсақ, егер өткен жылы катаральды белгілер басым болса, биыл катаральды синдроммен қатар асқазан-ішек жолдарының бұзылу жиілігі, сондай-ақ летаргия, тәбет пен температураның төмендеуі сияқты жалпы интоксикация белгілері байқалады. Біздің ауруханаға ауруы орташа деңгейдегі балалар жиі түседі. Дерті асқынған балалар да болады. Әрине, дерттің ауырлығы баланың бастапқы жағдайына, анамнезде бұрыннан бар аурулардың қатар жүруіне де байланысты екенін атап өткен жөн», - деді ол.

Қалалық клиникалық балалардың инфекциялық ауруханасының бас дәрігерінің айтуынша, балалар дертті үйдегі ересектермен байланыс кезінде жұқтырады.

«Балалар арасындағы дерт жұқтыру ересектермен тікелей байланысты. Үлкендер арасында вирус жұқтыру төмендесе, онда балалар арасында аурудың тарауы азаяды. Ал дерттің алдын алатын жалғыз тиімді жол, жалпыға ортақ вакцина салдыру. Сонда ғана біз өзімізді де, балаларымызды да қауіпті дерттен қорғай аламыз», - деді Ержан Сералин.

Балалардағы коронавирустың асқынуы пневмонияның өршуінен болады, жиі емес, бірақ қауіпті постковидты қабыну синдромы көптеген органдар мен жүйелерді зақымдайды.

«Біздің клиникада жұқпалы аурулардың жетекші мамандары мен реаниматологтар, мамандандырылған невропатологтар, кардиологтар, пульмонологтар, эндокринологтар, нефрологтар, хирургтар тәулік бойы байланыста болатын мультидисциплинарлы топ құрылды. Әрбір күрделі клиникалық жағдай талқылауға шығарылады. Қажет болған жағдайда созылмалы ауруларға қарсы терапиялық коррекция жүргізіледі. Біз әр балаға өте мұқият қараймыз, барлық қажет сараптамалар мен қосымша тексерулерді үлкен жауапкершілікпен жүргіземіз», - деді спикер.

Дәрігер адамдар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық көлікте, кафелер мен сауда орталықтарында инфекция қаупі әлі де жоғары екенін еске салды.

Сондықтан бұрынғыдай алдын алу шараларын сақтап, балаларға осыны үйрету қажет.

«Жақында, коронавирустан басқа, маусымдық ЖРВИ және тұмау аурулары белең алатын болады. Коронавирустан айырмашылығы, бұл инфекциялар балаларда ересектерге қарағанда ауыр болуы мүмкін. Сондықтан, бүгінде балалардың қоғамдық орындарға баруын шектеуге тырысу керек және қажет болған жағдайда ғана олармен бірге болып, қоғамдық көлікте қашықтықты сақтау және медициналық масканы дұрыс тағу керек», - деп түйіндеді дәрігер.


Соңғы жаңалықтар