Алматылық дәрігерлер қамау орындарындағы ВИЧ жұқпасының таралуына алаңдаулы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін қалалық ІІД, Тері-венералогиялық диспансер мамандары СПИД орталығында эпидемиологиялық ахуалды жақсарту мәселелерін талқылады.

Алматыдағы СПИД орталығының мәліметінше, 2014 жылы қалалық Ішкі Істер департаментінің қабылдау-анықтау бөлімдерінде 11 ВИЧ жұқпасын жұқтырған адам тіркелген. Салыстыра кетсек, 2013 жылы 2 адамның қаны оң нәтиже көрсеткен.

СПИД орталығының баспасөз хатшысы Марина Максимованың айтуынша, тексеру шараларының кеңеюіне байланысты ауруды анықтау да жақсара түсті.

Орталық мамандары тілге тиек еткендей, 2014 жылы тұратын жері жоқ адамдарды қабылдау-анықтау бөлімдерінде 1167 адам ВИЧ-ке тексеруден өтті. Оның ішінде 11 адамнан жұқпалы дерт анықталған. 2013 жылы 953 адам тексеруден өтсе, олардың 2-інің қорытындысы оң болып шыққан.

2015 жылдың 1 қаңтарында тіркелген мәлімет бойынша 44 адам қатерлі дертке шалдыққаны анықталды.

«Өкінішке орай, қабылдау-анықтау бөлімдеріне түскен тұлғалардың барлығы қажетті көлемде тексеруден өтпейді. Уақытша қамау изоляторындағы адамдар мен әкімшілік қамауға алынғандар тексерілмейді. ҚР «Халықтың денсаулығын сақтау және Денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңға сәйкес ІІД құрылымдарында қан алуға арналған ваккуумды ыдыс- вакутейнерлерді сатып алуды жолға қою керек», - деді СПИД орталығының бас дәрігері Талғат Бапиев. Алматы қаласындағы түрмелер мен колонияларда өткен жылы 5388 адам тексеруден өткен. Олардың ішінде 53 адамның қаны ВИЧ вирусына оң нәтиже көрсетті. 6 айдан соң қайта тексеруден өткен 585 адамның ешқайсысынан ВИЧ вирусы табылмады. Қамауда отырған 60 науқастың 29-ы антиретровирустық терапияға мұқтаж. Жыл басынан бері 27 адам аталған емдеу курсын қабылдап келеді. 2 адам емдеуден бас тартқан. Орталық мамандары ІІД мекемелеріндегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту үшін аурудың алдын-алу мәселелеріне үлкен мән беру керектігін баса айтты.

Соңғы жаңалықтар